«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Тянь Шань», «Өгем», «Қаржантау», «Боралдай» және «Талас Алатауы» тауларының түйіскен жерінде орналасқан. Парк аумағымен «Өгем», «Сайрамсу», «Қасқасу», «Біркөлік», «Машат», «Даубаба» және «Көкбұлақ» өзені ағып өтсе, онда өсімдіктің 1635, сүтқоректілердің 59 және құстардың 300-ге жуық түрін кездестіруге болады.
Парктің шығыс бөлігі жабайы алма, алмұрт, жүзім, грек жаңғағы, пияз, қарақат пен қызғалдақ гүлі қаулап өсетіндігімен ерекшеленеді. Онда сондай-ақ, аю, қар барысы, сілеусін, қасқыр, тау ешкі және басқа да жан-жануар кездеседі.
Оңтүстік Қазақстандағы Қазығұрт, Төле би және Түлкібас ауданын қатар алып жатқан Парк аумағында тарихи ескерткіштерді, петроглифтер мен көне дәуірге тиесілі қоныс орындарының іздері жетерлік. Паркте жазықтағы шөл даладан бастап, басын қар басқан тауларға дейін жүріп өтсеңіз табиғаттың сан алуандығына көз жеткізесіз.
Сайрам шыңы қорықтағы ең биік шың (4236 метр) болса, «Мақпал көлі» 2100 биіктікте орналасқан.
Парк аумағына туристер үшін 6 демалыс үйі, бірнеше киіз үй және 90-ға жуық демалыс алаңқайы жұмыс істейді. Одан бөлек 10 туристік соқпақ және міністегі 20-ға жуық ат табиғатты тамашалаймын дегендерге қызмет көрсетеді.
Фотоны «Сайрам-Өгем» МҰТП ұсынды