Үндістанның гүл базарларына еркектер күн сайын алуан түске «боянып» шығады. Колкатада көзге ұратын қарама-қайшылық осындай.
Мәтін және фото авторы: Кен Херманн
Осыдан бірер жыл бұрын іссапармен Үндістанда болдым. Бір күн демалысымды пайдаланып, Колкатадағы (2001 жылға дейін қала Калькутта аталған) «Маллик Гат» атты гүл базарына бет алдым. Бұл – Азиядағы ең ірі көтерме сауда нүктелерінің бірі. Базар ғасырдан астам уақыттың куәсі. Мұнда күн сайын екі мыңға жуық сатушы жұмысқа шықса, таң атпастан маусымдық гүлдер тиелген жүк көліктері келіп тоқтайды.
Қарбаласқа толы атмосфера мені өзіне еріксіз баурады. Бәрінен бұрын ер адамдардың гүл сатып жүргендері қызық болды маған. Бір қарағанда, тепсе темір үзетін жігіттер, бірақ гүл күлтелерін әйелдердей аялап ұстап жүр. Бір жігіт құдды бір гүлден тоқылған киім киіп алғандай. Әйел-ер арасындағы контраст мәселесіне қызығып, портреттер сериясын жасау үшін екі жылдан кейін қайта бардым.
Үндістанда гүлдер мерекелерден бастап, діни рәсімдерге дейін түрлі шараларда пайдаланылады. Гүлдің алуан түрі бар: ашық түске боялған гибискустар, қанық алқызыл раушан гүлдер, ақгүл шоқтары, хош иісті лотос және магнолия гүлдері. Бірақ мен сатушылардың қолынан көрген гүлдерді ғана суретке түсіруді жөн көрдім.
Бұл жігіттердің көбі тек бенгали тілінде сөйлейді. Кейбірі мұнда заңсыз келген. Олардың сеніміне кіру оңайға соқпады. Арада бірнеше күн өткенде көмекшім екеуіміз әлгі сатушылардың бірі – бенгали және хинди тілінде қатар сөйлейтін жергілікті тұрғынмен қарым-қатынас орнаттық. Оның көмегімен өзге сатушылардың тілін табу да жеңілдей түсті.
Көңілім қалағандай анық сурет түсіруге базардағы адам қарасының көптігі кедергі болды. Сөйтіп, Ганг өзенінің тармағы – Хугли өзені бойындағы ер адамдарды суретке түсірдім. Күн сәулесі мен түтін аралас құбылмалы сәтті қалт жібермес үшін түнгі суретке түсіру сессиясы 12-ден бастап 03.00-ге дейін жалғасты. Талтүстегі күннің шақырайған сәулесін жұмсарту үшін студиялық сүзгіні де пайдаландым.
Менің жұмысым – стереотиптерден арылудың амалы. Кей адамдар Үндістан халқы шетінен кедей және аянышты жағдайда тұрады деп ойлайды. Сұрқай ортада түсірілген әдемі суреттердің сериясынан құралған бұл жоба Үндістанды басқа қырынан көрсетуді көздейді.
ДЖЕРЕМИ БЕРЛИН ӘҢГІМЕСІ