..."/>
ТАБИҒАТ

Табиғаттың тартуы – Әулиеағаш

Жетісу жерінде жуандығына бес адамның құшағы әрең жететін, жеті ғасырдан бері өсіп тұрған алып ағаш бар.  Күллі халық ол ағашты «Әулие ағаш» деп атайды.

Ел ішінде ағашқа қатысты аңыз-әңгімелер мен болған оқиғалар жиі айтылады. Дендролог мамандар бұл ағашқа ғылыми анықтама бермесе де, оның кәдігімгі қарағаш екені мәлім. Және оның жасы ел айтып жүргендей 700 емес, 750 жылдан да көп болуы мүмкін.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшісі болып қызмет атқарған, қазірде Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Әулие ағаш туралы мынадай қызықты дерек келтіреді: «Ағаш жайында алғаш рет 1757 жылы Қытай императоры Цянь Лунь сөз еткен. Ол өзінің жазғы резиденциясында Нұралы Сұлтан бастаған қазақтың 11 елшісін қабылдап, ұзақ әңгімелескен екен. Сонда император қазақ елшілерінен: «Біздің адамдар Сіздердің жерлеріңізде көлеңкесіне 50 атты адам сыйып кететін, 500 жылдан өсіп тұрған алып ағаш бар деп айтып келді. Сол рас па?» деп сұрағанда қазақ елшілері ондай ағаштың Жетісу жерінде расымен бар екенін, бірақ олар бұл сапарда Алтай арқылы келгенін айтады.

Қуаныш Сұлтановтың мәліметінше, қазақ еліне қатысты бұдан басқа да деректерді жазушы, журналист Қойшығара Салғара жетекшілік еткен ғалымдар осыдан жиырма жыл бұрын ҚХР мемлекеттік архивінен жазып алыпты.

Алматы облыстық Туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған экспедициясы кезінде біздің шығармашылық топтың да  Әулиеағашқа соқпай кетуі мүмкін емес еді. «National Geographic Қазақстан» журналының қызметкерлері қасиетті жерге экспедицияның тек бесінші күні кешқұрым уақытта табан тіреді. Онда бізді шырақшының қызы қарсы алып, анасының сәлден кейін келетінін айтты. Шырақшы Рая Нұржапарқызы үйіне келген бойда қасиетті ағаш туралы бар көрген-білгенімен бөлісіп, бізге ағаштың басына бару тәртібін бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді.

Бүгінде алып ағаштың айналасы толықтай қоршалған, тәу етіп келушілерге арнап салынған өз қонақжайы, асханасы бар. Әулиеағаштың қалың елдің назарын өзіне аударатындай, әрі «әулие» атанатындай қандай қасиеті бар десеңіз, мына аңыз-әңгімелерге назар аударыңыз. Есте жоқ ескі замандарда Құдайдың жеті сүйікті құлы Меккеге сапарлап бара жатып, осы жерге аялдаған. Солардың ішінде Шамашұрып деген әулие жатар алдында қолындағы асатаяғын жерге қадап қояды. Таңертең қараса әлгі таяққа жан бітіп, тамырын тереңге тартқан, жапырағы жайқалып тұрғанын көреді. Сол кезде жаратқанның шексіз құдіретіне сансыз мадақ айтуын тоқтатпаған Шамашұрыптың жүрегiне «Тиме, өсе берсiн!» деп аян берілген деседі. Содан бастап Шамашұрып баба Меккеге жеткенше жеті жерге асатаяқ қадап кетіп отырған. Қасиеті артқан мұндай ағаш дәл қазір әлемнің үш елінде бар. Оның бірі – Меккеде, екіншісі – Қытай елінде, ал үшіншісі осы.

Ал бұл өмірде болған оқиға. 1941 қазіргі Әулиеағаш ауылына қырық шақты отбасы сырттан келіп қоныстанады. Ауыл адамдарының: «Киелі ағашқа тимеңдер, қаһарына ұшырайсыңдар!» деген ескертпесін елемеген бір жігіт ағаштың бұтақтарын кесіп, үйіне әкеледі. Ағашты әкелген түні бір отбасының сегіз бірдей мүшесі белгісіз жағдайда қайтыс болыпты. Сол күннен бастап, ол ағаштың тегін ағаш емес екені, бойында қандай да бір мистикалық күштің бары дүйім жұртқа лезде тарап кетеді. «Осыдан 4-5 жыл бұрын сал ауруына шалдыққан келіншек ағаштың саясына түнеп шығып, өз аяғымен жүріп кеткенін, 8 жасар мылқау қыздың сөйлей бастағанын өз көзіммен көрдім. Өзім де жылға жуық төсек тартып жатып қалғанымда осы жерге келе сала аяғымнан тік тұрып кеткенімді несіне жасырайын, – дейді Рая Нұржапарқызы. – Осындай оқиғаларды естіген халықтың мұнда күн құрғатпай келуі заңдылық».

Қалың ағаштың құшағына енген сәтте бойыңызды ерекше сергектік билеп, ол жердің энергетикасы өте күшті екені бірден сезесіз. Және ондағы жас ағаштардың барлығы, қай бағытта өспесін қаранардай жайғасқан алып ағашқа иіліп тұрғанын аңғару қиын емес. Саябақты бізге өзі аралатып, әр ағашты жеке жеке таныстырған Рая апай: «Бұл ағаштардың барлығы Әулиеағаштың өз тамырынан тараған. Діңгегі бір, бұтақтары бөлек бөлек мына жеті ағашты біз «Жеті ағайынды», ал мынаны «Бозбала мен бойжеткен» деп атаймыз ұзақ уақыт бала сүйе алмай жүрген келіншектер ырымдап осы ағаштың арасынан өтіп жатады», – деді.

Бұл ағаштың тағы бір ерекшелігі – оның құрғап қалған бұтақтары арада біршама уақыт өткеннен кейін де қайта жапырақ жая береді.

«Кейбір туристер ағашты суретке түсіре бастаса болды қолдарындағы аппараттары істен шығып қала беретініне бірнеше мәрте куә болдым, – деген Рая Нұржапарқызының сөзінен кейін біз де түсірген фотосуреттерімізді түгендеуге кірістік. Қарасақ, барлығы сақтаулы, орын орнында тұр екен. Біз мұны жақсылыққа жорып, келесі нысанға тартып отырдық.

Топ мүшелері Әулиеағаш аумағынан шығуға бет алғанда ағаштың қуысынан жаңа туған сегіз күшікті көріп қалып, солардың біреуін суретке тартып алды.

Жер бетінде жан-жануарлар секілді ағаштар арасында да өзінің межелі жасынан артық өмір сүретіндері кездесіп қалып жатады. «Менімше бұл ағаштың ұзақ жылдар бойы өсіп тұруына ондағы топырақтың құрамы мен жер асты суының әсері бар болса керек, – дейді Қазақ  ұлттық аграрлық университеті Орман, жер ресурстары және фитосанитария факультеті деканының орынбасары, профессор Мая Шабалина. – Алайда Қазақстанда ол ағашты арнайы зерттеген ешкім жоқ».

Аты аңызға айналған алып бәйретек орналасқан Панфилов ауданында атауы ағашпен байланысты – «Қызылағаш», «Керімағаш», «Көктал», «Қаратал» сынды елдімекендер жиі ұшырасады.

Авторы: Дәурен Құдайберген

Фото: Ерболат Шадрахов, Екпін Хасенжан

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля