Мұзтау. Оралхан Бөкеев шығармасының басты тақырыбы болған осы бір шың республикамыздағы Алтай тауының төріне орналасқан. Жалпы пошымы түйенің өркешіндей болып жатқан қос шоқының шығыс жақтағы бір бөлігінің биіктігі 4506 метр де, батыстағы екіншісінікі 4435 метр. Мұзтауды әлемдегі биік таулар кірмегенімен оның қауіптілігі басқа шыңдардан асып түспесе, кем емес. Себебі, мұндағы сүңгіленген мұз қатпарларының көптігі соншалық, жоғарыға өрмелейтін жердің өн бойы өңшең сірескен мұздақтардан тұрады. Аталмыш тау басына апаратын жалғыз ғана жол бар. Ал қалғанының барлығы альпинистерге тыңғылықты дайындықты талап етеді.
Мұзтау!
Оның ашық болатын күндері сирек. Көбінесе ол киіздей ұйысқан жабағы бұлтпен тұмшаланып жатады. Бұл шың үнсіздікті, өлі тыныштықты бойына бұқтырып жатқан жұмбақ нүкте. Осыған қарап оны мұндағы ауа райы ғана емес, жер жағдайы да әр сәт сайын өзгеріп тұратын жанды табиғат құбылысы кейпінде көзге елестеткендей боласың. Оның беткейіндегі күніне әлденеше рет қайталанып тұратын тас көшкіні мен қар көшкіні біз сөз етіп отырған шыңның бұлжымас ерекшеліктерінің бірі.
Мұзтау!
Өзінің болмысына жұмбақтықты, тылсымдықты, құпиялықты ұстап тұрған осы бір нүктеге әлемнің талай саяхатшылары таңданыс білдірген. Мәселен, ХХ ғасырдың басында атақты суретші Николай Рерих біз сөз етіп отырған тау туралы: «Орталық Азияның кең байтақ кеңістігіндегі Ұлы дала мен асқаралы Алтайдың шырқау шыңы – Мұзтау. Ғарыштан құдіретті қуат алатын жер бұл. Мынау ғаламдағы барлық әулиелердің аруақтары бас қосатын, киелі Шамбаланың қасиетті де ардақты елі ол»,– десе, одан кейін мұнда ат басын бұрған ағылшын альпинисі Самюэль Тернер былай дейді. «Қарсы алдымнан сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін табиғаттың тамаша көрінісі ашылды. Соған қарап тұрып, бұл тау туралы әлі көп сөз зергерлерінің қалам тартпағаны, көркемдіктің осы келбетін фотокамераның жөн-жосықсыз қорлай қоймағандығы және мұндай мүмкіндікті көрудің адам өмірінде бір-ақ кездесетіні туралы санамдағы ойдың жылт етуі мұң екен, жолшыбай бастан өткерген қиындықтардың бәрі ұмытылып сала берді».
Иә, бұл тау қасиетті. Киелі орын. Ғылыми пайымдауларға қарағанда, ғарыш сәулелері мұнда сынбай, шашырамай, еш өзгеріссіз таза күйінде келіп жетеді. Көктен келген қуаттар осы тау шыңына өзінің толыққанды күйінде келіп жетіп, жер бетіне таралады. Жер мен ғарыш арасындағы көзге көрінбес байланыс дегеніміз осы шығар, сірә.
Авторы – Жанболат Аупбаев, фото: Ерболат Шадрахов