Олар Мая ғибадатханасының төбесінен бастарын төмен қарай салбыратып тұрды. Бізге тесіле қараған көздері каскамыздағы шамның қызыл жарығымен шағылысып, жан-жақтан жылтырайды.
Азулы, жарқанаттардың құлақтары ұзын әрі түссіз, дене бітімі әжімденген, ал танауларының үстіндегі жапырақ мұрындарын эхолокация үшін пайдаланады.
Мехико қаласының ұлттық дербес университетінің профессоры Родриго Меделлиннің айтуынша, Юкатан түбегіндегі Калакмул биосфералық қорығындағы бұл жарқанаттар басқалар сияқты мың-мыңдап топтаспайды. Олар азғантай ғана топқа бөлініп, бір-бірін қызғыштай қорғайды.
Алты жарқанаттың біріне торын лақтырған Меделлин біреуін ұстап алды. Ол былғары қолғабымен жарқанатты сүйкімді әрі жағымды етіп тұрған қалың үрпек жүні, алға шығыңқы танауымен осы сүйкімділікті бұзып тұрған өткір тістері көрінетіндей етіп қолына алды. Мына біреуі ұрғашы екен. Ол бізге ырсиған тістерін көрсетіп, айбат шегіп тұр. Меделлин байсалды қалпынан танбастан, оның қанатын ашып, бас бармағы астындағы бүгілген, қылыштай өткір тырнағын көрсетті.
«Мынаны жемтігін аулауға қолданады», – деді ол. Тырнағына қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Оның «тамақ рационында» тек шыбын-шіркей емес, кеміргіштер мен сайрағыш құстар, сондай-ақ өзге жарқанаттар да бар.
Оңтүстік Мексикадан Боливия мен Бразилияға дейінгі аралықта осы жыртқыштардың екі түрі табылған. Олар – түкті жалған вампир (Мая ғибадатханасынан табылғаны) мен «спектрлі» деп аталатын Линнеус жалған вампир жарқанаттары. Осылардың кейбірі Парагвай мен Аргентинаның оңтүстік аудандарына дейін жеткен. Соңғылары – Жаңа дүниенің ең алып жарқанаттары. Олардың қанат құлашы бір метрге дейін жетеді. Жаңбырлы орман ортасына төнген қауіп Мексика жарқанаттарына да қатер төндіруде, сондықтан жарқанаттар мекендейтін жерлерді анықтау аса маңызды.
Түкті жалған жарқанаттар туралы ақпарат тым аз. Ғибадатханадағылардың бойы мен салмағын өлшеу үшін Меделлин бірнешеуін ұстап алып, сыртқа алып шықты. Олардың төртеуі – еркек, екеуі ұрғашы, қалған біреуі «жүкті» болып шықты. Жарқанаттардың қарым-қатынасы туралы көбірек білмек болып, зертханаға генетикалық тексеруге жіберу үшін ғалымдар әрқайсысының қанат терілерінен үлгі алды. Олардың жемтіктерін қалай аулайтынын анықтау мақсатында үш жарқанаттың (арасында жүктісі бар) арқасына шағын GPS құрылғысы орнатылды.
Жарқанат паналаған жер жартылай желінген тікенді қалта тышқанының сүйектеріне толы. «Біздің ойымызша, бұлар жемтіктерін сыртта жеп, артылғанын үйіне алып келеді», – деді Меделлин. Мұндай олжа көбіне жемтігін өздігінен аулауға мүмкіндігі жоқ жаңа төлдегендерге бұйырады. «Біз олардың бақандарынан қашан ұшып кететіндерін, қайда баратындарын, кім-кімді тамақтандыратынын және жемтіктерін қалай аулайтындарын білмекпіз», – деді ол.
Жарқанаттардың шамамен немен қоректенетіні ғибадатханадағы кешкі астан қалған қалдықтар мен нәжістерінен біршама түсінікті болды. «Қара! – деп таңырқады қолына кішкентай шіри бастаған жас тышқанның қаңқасын ұстаған Меделлин, – олардың мұны түгелдей жеп қоймағанына таңмын. Әдетте, сүйек, тырнақ, құйрықтарына дейін қалдырмай жеп қоятын». Сондай-ақ олар сары көбелектің қанатын қалдырып, қалған жерін жеп қойған. Кешкі асқа цикада мен құс жеген сияқты. «Біз өзге жарқанаттардың қанаттарын да кездестіріп жатамыз», – дейді ол. Олар сирек кездесетін жарқанат түрлерін азық қылады. Меделлин бұл жарқанаттардың неге өз тұқымдастарын қорек қылатыны мен түкті вампирлердің бұған қалай келгенін анықтамақ.
Меделлиннің айтуынша, түкті және спектрлі жарқанаттар маялық көне «Popol Vuh» аңызында баяндалған жарқанаттарға ұқсайды. Оқиғада баяндалғандай, егіз Мая батырлары «жарқанаттар үйіне» кіреді. Үңгір мая тілінде Camazotz деп аталатын қанқұмар жарқанаттарға толы болады. Олардың адам мен аңды өлтіруге арналған қылыштай тұмсықтары бар-мыс. Құтылу үшін егіздер бүріккіштеріне кіріп, жан сақтайды. Жарқанаттар түні бойы егіздерді әбден қинайды. Таң атқанда шегінетін жолды тексермек болған егіздің бірі шыға бергенде, Camazotz басын шауып тастайды.
«Мына жарқанаттар тура солай жасайды. Олар жемтігіне төніп келіп, үстеріне жартылай ашық қанаттарымен мініп алады. Бас бармағының тырнағын батыра басынан тістеп өлтіреді. Camazotz-тың әрекетіне таңғалудың қажеті жоқ», – дейді Меделлин.
Қасқыр, арыстан, жәндік, маймыл, адам сияқты түкті және спектрлі жарқанаттар да жемтігін жақындарымен бөліседі. Ғалымдар аспен бөлісуді альтруизмге балайды. Бұл қасиет, әдетте, бір-біріне етене жақын жануарларға тән. Олар қорегімен жомарттығынан емес, генетикалық байланысы болғандықтан ғана бөліседі. Меделлин мен студенттері түкті жарқанаттар арасындағы осынау генетикалық байланыстың маңыздылығына тоқтамауларының бір себебі де – осы. Жарқанаттар жемтіктерін жақындарына алып келетінін Меделлин мен студенттері біледі. Бірақ жарқанаттардың қайсысы – әкелуші, қайсысы алушы екенін білмейді. Олар мұның жауабын Меделлиннің аспирант зерттеушісі Ивар Влют орнатқан камера жазбасынан көре аламыз деген үмітте.
Влют өз компьютерінен тамақпен бөліскені түскен бірнеше видеожазбаны көрсетті. «Мұнда балалы аналықтың салбырап тұрғанын көре аласыз. Оның қасына тышқан ілген басқа жарқанат ұшып келді», – дейді ол. Бұл атылығы болса керек, ұрғашыға жақындап келіп, төбесіндегі сырыққа аяқтарымен ілінді. Басы төмен салбыраған ұрғашы құдды әке-шешесінен бірдеңе жалынып сұраған баладай үлпілдек білектерін еркегіне созды да, жемтік алды. Мойнынан бастап, бүкіл денесін ашқарақтана жеген жарқанат құйрығын жеместен қалдырып, жерге тастай салды. Аталығы оның жанында салбырап, қанаттарын жалап, өз бетінше тұрды. «Бұл – оның қалыпты әрекеті, – деді Влют. – Олар, әдетте, үйлеріне оралғанда тойып келеді, сондықтан біз оларды ұзақ уақыт аң аулап, соңғы жемтігін бөлісуге алып келген екен деп қаламыз».
Ғалымдар жарқанаттардың жабайы ортада қорегін қалай аулайтынын әлі де болса зерттеулері қажет. Ол үшін Меделлин екі түкті жалған вампир еркекті екі апта бойы бөлмесінде қамап ұстап, өзі жіберген тышқанды қалай тырнағына басатынын бақылаған. Сондай-ақ ол кеміргіштерді шатастыру үшін жапырақтарды шашып тастады. Тышқанның дауысын естіген жарқанаттар алып құлақтарын спутник тәрелкесі секілді айналдырып, жемтігіне бағыттады. «Темір тордың ішінде өзімен-өзі салбырап тұрған жарқанаттар тышқанның шиқылдаған дауысын ести сала әрі-бері ұшып, кеміргішке атылды», – дейді Меделлин. Оның ойынша, түкті жарқанаттар табиғатта аң аулағанда ағаш бұтақтарына жайғасып алып, кеміргіштер мен бауырмен жорғалаушылардың басқан қадамдарын және өзге жарқанаттардың әр қимылын бақылап тұратын көрінеді.
Бір күні біз спектрлі жарқанаттарды іздеп орманға шықтық. Влют оларға алғаш 2009 жылы тап болған. «Олар өте сирек кездесетіндіктен, олар жайлы ештеңе білмеймін», – деді Влют соқпақпен жүріп келе жатып. Ол бірде жарқанат түгендеп жүріп спектрлі жарқанатты жолықтырып қалады. «Мен оған мұқият қарамас бұрын иіскеп көрдім. Біздің торымызда бірдеңе өліп қалған екен деп ойладым. Осынау алып жарқанаттың тордан шығар жолды таппай жатқанын көргенде абдырап қалдым. Қатты қобалжығаным былай тұрсын, оның алып кескінінен қорықтым да», – дейді ол. Влют оны тордан алып шыққаннан кейін қайта ұстау үшін екі қабаттап былғары қолғабын киіп алды.
Тұла бойын қызығушылық кернеген Влют жарқанаттар туралы мәліметтердің біршамасын оқып шыққан. Оның өзі аз болатын. Сөйтіп, Влют жарқанаттар экологиясын осы күнге дейін ешкімнің зерттемегенін анықтады. Ол Меделлинге хабарласқаннан кейін екеуі бірігіп алып жыртқыштарды зерттеуді бастап кеткен. «Дәл қазір біз мұнда қанша жарқанаттың өмір сүре алатынын анықтап жатырмыз. Олардың мекендейтін орындары туралы хабар бергендерге біздің сыйақымыз дайын», –дейді Влют.
Осылайша, зерттеушілер жарқанаттың бірнеше бақанын тауып алды. Спектрлі жарқанатты торға түсіріп, арқасына трансмиттер орнатқан соң, олар осындай ұяның тағы біреуін тапты. Меделлин мен Влют спектрлі жарқанат паналаған қуыс ағаш тауып, бізге белгі берді. Ғалымдар GoPro камерасын кабельге жалғады. Влют камераны ағаштың қуысы бар ең биік бұтағына алып шықты да, қуысқа итеріңкіреп жіберді.
Бірнеше минут камераның мониторы қап-қараңғы болып тұрды. Кейін «біз оларды көріп тұрмыз» деген дауыстар естілді. Үшеуіміз үңіліп камераның жарығы түсіп тұрған жаққа қарап, ересек ұрғашы, балапан мен бір аталық жарқанатты көрдік. Үйлеріне шақырылмаған қонақтың келгеніне олар қарсылық білдіріп жатты.
«Олар бырылдаған дыбыс шығарып, біздің шегінгенімізді қалап құбылды», – дейді Меделлин көзін экраннан алмай. «Анау төменде қарайған не?» – деді ол жарқанаттың астындағы ағаш қуысына қарап. «Бұл – жарқанаттың қанаты!» – деп студенттерінің бірі жауап берді. Бұл жерге қазір ғана желінген астың қалдығы тасталыпты. Жарқанаттар GoPro-ға тыжырайып қарап, қаңқылдап жатты. Ақыры қорғанысқа көшкен ересек жарқанат балапандарын қанатының астына алды.
«Уф!» – дедік бәріміз бір кісідей. Сәлден кейін: «Камераны шығарыңдар, ол жерден алып кетіңдер!» – деген бұйрық келді. Влют кабельді өзіне тартқанда, экрандағы жарқанаттар жоғалып кетті. Осыдан соң көзге түспейтін камераны ағаштың ішіне тіршілік иелерін мазаламайтындай етіп қалай орнатуға болатыны туралы қызу пікірталас басталды.
Сөзсіз, бұл жыртқыш жарқанаттар жемтіктері үшін қаншалықты қорқынышты болса, Мая үшін де соншалықты қорқынышты. Алайда біз оларды бақандарынан салбырап тұрғандағы және зерттеушілердің қолына түсіп қалғандағы жұмсақ әрі осал тұстарына куә болдық. Тышқан мен қасқырдың қосындысына ұқсайтын осынау түр-тұрпаты ерекше жаратылыс иелері басқа сүтқоректілер сияқты өз жақындарына мейірімді әрі қамқор болып шықты.
Авторы: Вирджиния Морель фото: Ананд Варма
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa