Теңіз құстары жаппай жойылып барады. Оларды аман алып қалудың жалғыз жолы — дерекқор жасау!
Дене тұрқы шағын ғана сұр тышқандай, өмірінің көбін ашық мұхитта өткізетін құсты елестетіп көріңіз.
Салқын су мен кез келген ауа райында салмағы 40 граммға жетпейтін осы құс – күл түстес качурка кішкентай балықтар мен мұхиттың омыртқасыз жәндіктерін аулап, толқынды кезеді. Кішкентай жіңішке сирақтарын ерсілі-қарсылы сермеген ол Інжілдегі Петр сияқты құдды бір су бетімен жүріп бара жатқандай әсер береді.
Кіші качуркалар саны көп әрі кең таралған құстарға жатса да, олардың күл түсті түрлері сирек және оларды тек Калифорния су бассейнінен кездестіруге болады. Көбіне су бетінде үйінде жүргендей сезінсе де, барлық басқа құстай оларға да жұмыртқалап, балапан басуы үшін құрлыққа қайту қажет. Бұл мақсаттары үшін олар тұяқ тимеген саф аралдарды таңдайды. Іргесін жыртқыштардан аулақ салуы үшін олар жер астындағы жарықтарға не індерге ұялап, ұяларына тек түнде ғана келіп-кетеді.
Сан-Францисконың алтын қақпасынан батысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан Фараллон аралдарындағы Ұлттық табиғи қорығында бір топ жергілікті суретші негізгі аралдағы ескі ғимараттардың бетон қалдықтарынан өзіндік олпы-солпы бір иглу салды. Шағын есік органикалық әйнекпен қапталған тар кеңістікке ашылады. Оның ішіне жаздың түнінде кіріп, шам жақсаңыз, жарықшақтың түбінде жұмыртқа үстінде отырған күл түстес сабырлы качурканы көруіңіз мүмкін. Жартас арасынан оның жасырынған көршілерінің бірінің басқа әлемнен келгендей түнгі әуенін естуіңіз мүмкін: ол әлем – ғаламшарымыздың үштен екісін жайлаған, бірақ көбіне көзге көрінбейтін теңіз құстарының әлемі.
Осы күнге дейін көзге түспеу теңіз құстары үшін бір артықшылық болып келген еді. Бірақ қазір баса-көктеген жыртқыштар мен балық кәсіпшілігі олардың тіршілігіне қара бұлт үйіріп тұр, оларға адамдардың қамқорлығы қажет, ал көрінбейтін мақұлыққа көмектесу оңай емес.
Бүгін Фараллон аралдары теңіз құстары өріп жүрген бұрынғы заманға ашылған шағын портал іспетті. 2017 жылы маусым айында барғанымда үлкен аралдағы қорықта жарты миллионнан астам құс болған. Айналасын тұңғиық көк су қоршаған құлама беткейлер мен көгі жоқ тегіс жерде пуффиндер, кайралар, суқұзғындар мен титімдей әрі толық пыжиктер жүрді.
Бір күні таңда Фараллон аралдарындағы жабайы табиғатты бақылауға көмек көрсетіп жүрген биолог Пит Варзибок мені шереден жасалған тасалану күркесіне апарды, ол жерден қайралар мегаполисінің үстінен көз тастауға болады екен. 20000 ақ-қара түсті құс жартастың ылди бетін қаптап алған. Қайралар бір-біріне пингвиндерге ұқсап иық тіресіп, 150 шаршы сантиметрге жетер-жетпес кішкентай жер телімшелерінде жұмыртқа басып не балапандарын қорғап тұр. Мұнда тыныш индустрия ауасы еседі. Ауық-ауық баяу қыт-қыттаған дауыс шығады, кейде әлдебір қайра көршісімен «ұрысып» қалады. Бірақ дау қалай тез басталса, солай тез аяқталады да, құстар еш нәрсе болмағандай қайтадан үсті-басын сипалауға көшеді.
«Қайралар өз мінездерінен жалтармайды, – дейді Варзибок, – олар ақылды құстар қатарына жатпайды».
Қайралар өздерінің адалдық қасиетін жаттықтырумен болады. Олар жұптарымен үзілмес байланыс орнатып, кішкентай бір аумаққа жыл сайын қайта оралады. Бір балапан өсіріп, отыз не одан да ұзақ жыл тіршілік етеді. Аталық пен аналықтары жұмыртқа басу міндетін тең атқарады, олардың бірі – мұхит шарлап, хамса балық, теңіз алабұғаларының шабақтарын не басқа «бұйырған» жемтік аулап жүргенде, екіншісі – колонияда қалады. Құс ұзақ «жорықтан» қайтқанда, артта қалған сыңары аштықтан асқазаны ұлыса да, жұмыртқа басуын тоқтатпайды.
«Егер олардың жұмыртқасы болмаса, бір тасты не әлдебір өсімдікті басады», – дейді Варзибок. Сол жарылмаған жұмыртқа үстіне балық қойып, оны қоректендіруге тырысып әлек болады. Олар райынан қайтпайды. Өлі жұмыртқа үстінде 75 не 80 күнге дейін отырады.
Қайра балапандары небәрі үш апталығында суда жүзе бастайды, бұл кезең олар үшін ұшуға не сүңгуге тым ерте. Аталық қайралар балапандарымен бірге жүріп, айлар бойы ажырамай, балық аулауды үйретеді. Ал біраз салмақ пен калория жоғалтып, жұмыртқалаған аналықтары осы мезгілде қоң жинау үшін өз беттерімен кетеді. Ата-аналық адалдық пен отбасы жүгін тең бөлісу қайтарымсыз қалмайды. Фараллон қайраларының өсімі өте жоғары, әдетте бұл үлкен көрсеткіш – 70 пайыздан асады әрі олар Солтүстік Америкадағы популяциясы ең көп жұптасатын теңіз құстары қатарында. Шексіз көрінгенмен Варзибок екеуміз «қонаққа барған» колонияда аралдардағы қайралардың 5 пайызына жетпейтін бөлігі ғана еді.
Бүгін қайралар популяциясы ұзақ әрі мұңды оқиғаның шартты бақытты соңы іспеттес. Екі жүз жыл бұрын Фараллон аралдарында үш миллиондай қайра болатын. 1849 жылы алтын дүрлікпесі Сан-Францисконы дамыған қалаға айналдырды. 1851 жылға қарай Фараллон фабрикасы жылына жарты миллион қайра жұмыртқасын жинап отырды. Фабрика қызметкерлері көктемде катермен келіп, жұмыртқаларды жинап, қалғандарын сындырып отырды. Ғасырдың екінші жартысында кемінде 14 миллион жұмыртқа жиналды.
1910 жылға қарай үлкен аралда 20 мыңға жетпейтін қайра қалды. Жұмыртқа жинау тоқтағаннан кейін де олар аралдағы шамшыраққа қожайындарымен ілесіп келген келген ит-мысыққа жем болды. 1969 жылы үлкен арал федералдық табиғи қорыққа айналғанға дейін қайралар популяциясы қалпына келе алмады. Артынан 1980 жылдардың басында олардың популяциясы қайтадан күрт азайды.
Проблема – балық аулауда талғаусыз әдіс қолданылғанда, ол «желбезекті ау» деп аталды. Алып ауды су бетіне шығарғанда көзделген балық қана емес теңіз шошқасы, сусар, тасбақа мен сүңгитін теңіз құстары торға түсіп жатты. Бүгін жылына кемінде 400 мың теңіз құсы желбезекті ауға түсіп өледі.
1980 жылдардың ортасынан бастап Американың көптеген қаласы, соның ішінде Калифорнияда экологияға мән беріліп, желбезекті ау пайдалануға шектеу қойылып не мүлде тыйым салынды. Нәтижесінде, Фараллон аралдарында теңіз құстарының саны көбейді. Соңғы 15 жылда желбезекті аудан қорғалған әрі өз емін-еркін жіберілген қайралар өз популяциясын төрт есеге аттырды. Олардың тіршілігіне қатер төндіретін жалғыз фактор – климат өзгерісі мен шамадан тыс балық аулау салдарынан пайда болған азық мәселесі.
Пит Варзибок қалқанның артына жасырынып, қайралар ұяларына әкелген балық түрлерін жазып отырды. Қайраларды қорғауға деген уәж этика не эстетикаға ғана сүйенбейді. Варзибок зерттейтін құстар әуеден балық кәсіпшілігін бақылайтын машина іспеттес – зерттеу жұмыстарының «тірі» дрондары. Олар мұхит үстімен мыңдаған шаршы шақырым алқапты шарлайды әрі олар – қорек табудың шеберлері. Варзибок дүрбісі мен қойын дәптерін ғана пайдаланып, аз қаражатқа хамса балықтары мен теңіз алабұғаларының популяциялары туралы деректерді Калифорнияның балық кәсіпшілігіндегі менеджерлерінен артығырақ жинай алады.
Фараллон қайраларының бағы бар деуге болады. Әлемдегі басқа жерлерде соңғы 60 жылда жалпы теңіз құстарының популяциясы 70 пайызға азайды деп топшыланып отыр. Бұл сан естілгеннен де сұрапыл, өйткені теңіз құстары түрлерінің диспропорциялық санына жойылу қаупі төніп тұр. Басқа кез келген салыстырарлық құс топтарына қарағанда әлемдегі 360 теңіз құсы түрінің көп бөлігі жойылуға шақ не қатер төнгендер санатында. Теңіз құстары қашықтағы, тыйым салынған аралдарда жұптасады. Өмірлерінің көп бөлігін бізге беймәлім су бетінде өткізеді. Егер олар толықтай жойылып кетсе, мұны қанша адам байқар еді?
Атлант мұхитының оңтүстігіндегі жас альбатросты елестетіп көріңіз. Ол үш метрге созылатын құлашымен күніне 800 шақырым жерді өткереді. Көбіне терең суда жүзетін балық кемелерінің ізі – қорек табылатын ең жақсы жер. Мына альбатрос балық аулау кемесі айналасында қалықтап, борттан лақтырылған балық қалдықтарына таласқан ұсақ теңіз құстарының аласапыран тобына көз тастап тұр. Талас үшін төмендеген кезде оның дене пішімінің үлкендігі артықшылық береді. Басқа құстар жыпырлай қашып, альбатрос суға қонғанда бір нәрсе бұрыс кетті. Оның кең құлашы балықшы кемесіндегі аудың жіптеріне оратылып, құсты төменге тарта жөнелді. Салқын ауа райында кеме экипажынан басқа ешкім далаға шықпайды. Экипаж мүшелері қарауға үлгерген күннің өзінде, ол көзді ашып-жұмғанша су астына кете барады.
Жыл сайын мыңдаған альбатрос көзге көрінбестен балықшы кемелері салдарынан көз жұмады. Тағы ондаған мыңы одан да көп дауылпаз бен дауылпазтәрізділермен бірге қабатты балықшы кемелерінің ілмектерінде өледі. Әлемдік балық кәсіпшілігіндегі кездейсоқ ажал теңіз құстары кезігіп отырған екі үлкен бәленің бірі әрі оны шешу қиын, өйткені терең суда балық аулайтын кемелер интенсивтік қаржылық қысым астында жұмыс істеп, оларды бақылау жоқтың қасы. Кемелерінің теңіз құстарын абайсыз аулануын жіті қадағалайтын елдердің қатары сирек.
Осындай елдердің бірі – Оңтүстік Африкада тунец балығын аулайтын табысты кеме капитаны Деонван Антверпенмен кездестім. Кейптаундағы шағын портта менімен бірге Росс Ванлесс те бар еді. Ол – Оңтүстік Африканың «Құстар өмірі» (BirdLife) табиғат қорғау бағдарламасын басқаратын биолог. Ван Антверпен кеменің артқы жағындағы ақшыл жасыл тралдың төменгі батырғышын мұңая нұсқады. «Біз бұлардың үш мыңынан айырылдық», – деді ол.
Балықты ярустап аулаудың тралмен аулағанға қарағанда альбатростарға басқадай қаупі бар. Кішірек теңіз құсы суға сүңгіп, жем салынған ілмекті су бетіне шығарады да қармақ жемін тартуға тырысады. Содан кейін альбатрос кенеттен араласып, оны тұтастай жұтып қояды және осылай ілмекке ілініп, батып кетеді. Мәселенің бір шешімі тізбектің салмағын арттыру мен жем салынған ілмекті құстарға үлгертпей, тез батыру. Бірақ елу килолық тунец балығы қармаққа ілініп, тізбекті тартқанда жалаң металл батырғы оқтай болып кетуі мүмкін. BirdLife ұйымы люминесцентті пластиктен жасалған (жарық балықтардың назарын аударады) корпусы еркін жалғанған батырғыларды пайдалануды ұсынып, ван Антверпен оны қолдануды көптен ойлап жүр. «Мен үшін қармаққа түскен әрбір құс ұсталмай кеткен әр балықты білдіреді. Бірақ тәжірибелік тұрғыда тиімділік үшін заңнама болуы керек. Егер ол болмаса, балықшылардың көбі мұны назарға алмайды», – деді ол Ванлесске.
Ван Антверпенге ең жақпағаны – BirdLife ұйымы пластик батырғыштарды жем салынған ілмекке тым жақын орналастыруды талап етуі. «Егер тізбекке акула тиетін болса, біз батырғыдан айырылып қаламыз». Батырғы мен ілмек арасындағы айырғышты төрт метрге ұзартса бола ма? Ванлесс қабағын түйіп, бұл жағдайда ілмек құстарды қорғамайтындай баяу бататынын айтты. Бәлкім, батырғының салмағын арттыру айырғыш ұзындығының орнын толтыратын шығар? Ван Антверпен мұны сынап көргісі келетінін айтты, ол, шынымен, альбатрос аулауға қарсы. Оған керегі – батырғылардың бәрін жоғалтпастан тунецтерді қолға түсіру.
Балықшы кемелері құстарды үркітетін тізбекті сүйреу арқылы теңіз құстарының абайсыз аулануын азайта алады. Бұл тізбек соңында пластик конусы, ашық түсті шашақтары бар жіптен тұрады. Олар қымбат емес, қолдануға жеңіл әрі құстарды кеменің құйрығынан аулақ ұстауда аса тиімді. Бір траулер құстарды үркітетін тізбекті пайдалану арқылы ауға ілініп өлетін альбатростар санын 99 пайызға дейін азайта алады. Өйткені кеменің артынан шұбатылған ілмектер құстарды үркітетін тізбек сыртында су бетіне жақын қалатындықтан, Оңтүстік Африка оны қосымша қорғау шарасы ретінде аудың батырғыштарын ауырлатуды не ауды қараңғы түскенде салуды талап етеді. Қараңғыда құстар көп кезікпейді әрі жемді көре алмайды.
Ванлесс пен оның жұбайының, Оңтүстік Африкадағы BirdLife ұйымының альбатростарды қорғау жөніндегі жұмыс тобының басшысы Андреа Ангелдің Оңтүстік Африка үкіметі мен балықшыларымен жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан асты. «Бір нәрсеге қол жеткізудің жолы әлдебір ғажайып техника құдіретін ойлап табуда емес, ол үшін адамдарды араластыру қажет», – деді Ванлесс маған. Бұл топтың арқасында Оңтүстік Африкадағы теңіз құстарының жылдық өлім-жітім жағдайы 1996 жылғы шамаланған 35 мыңнан бүгін 500-ге дейін азайды.
Алайда сонымен бірге теңіз құстарын қорғау балықшы кемелеріне тәуелсіз мониторинг жүргізуді де талап етеді және де ең абыройы, теңіз құстарының абайсыз аулануын азайту үшін бұл салада қаржылық бастама қажет. Ярусты балықшылар үшін, Ванлесстің айтуынша, он мың долларлық көк тунецтің бәсі жоғары, сондықтан олар үшін құстардың ауға көп ілінбеуінің себебі қарапайым. Алайда ең күшті ынталандырушы – жүйелі балық аулануды талап ететін нарық. Осындай, әсіресе Еуропадағы, төлемпаздығы жоғары нарық шарты бойынша көптеген онтүстік-африкалық балықшы кемелері абайсыз аулау ережелерін орындауды қадағалаулары үшін тәуелсіз бақылаушыларға ақша төлейді.
Үкімет үшін бұл ережелердің орындалуын қамтамасыз етуде ең тиімдісі – әр кемеден балық аулау мен абайсыз құс аулануын қадағалайтын сандық камерамен жарақталғанын талап ету. 2016 жылы Аустралия тропикалық тунецтерді аулайтын кемелерге қатысты осыны талап еткен кезде кеме капитандары байбаламмен құстарды үркітетін тізбекті қайдан алатындарын сұрап, Аустралия жауапты мекемелерінің мазасын алды. «Кеме бортына камера қойылғаннан кейін, ойын бітті, – дейді Ванлесс, – жүз долларлық қана бір зат үшін лицензиядан айырылып қалуыңыз мүмкін».
Тағы бір перспективалық технология жетістігі Hookpod деп аталады, ол – жемтікті ілмектің айналасында бекітілетін қатты пластик корпус. Ол жемтікті құстардан, ал құстарды ілмектен қорғайды. Ол қауіпсіз деңгейге батқанға дейін ашылмайды. Барлық ұзын тізбекті кемелерде Hookpod құрылғысын стандарт етіп бекіту, барлық траулерден құстарды үркітетін тізбектері болуын талап ету мен желбезекті ауды пайдалануға тыйым салу арқылы әлемдегі мұхиттарды құстарға қауіпсіз ету теориялық тұрғыда мүмкін (Оңтүстік Африка істегеніндей). Әзірге жаһандық жағдай жантүршіктірер күйде қалып отыр. Ванлесс пен Ангел өз байланыстарын Оңтүстік Америка, Корея мен Индонезиядағы балық кәсіпшіліктеріне дейін ұзартты. Жалпы жетістігі жоқ емес, тек ашық теңіздердегі кемелердің үштен екісіне ие флоты бар Қытай мен Тайвань кемелері теңіз құстарының өліміне аса мән бермейді не мүлде назарға алмайды. Олар ауға түскендерді, көбіне табиғат қорғауға бейжай қарайтын нарықтарда сатады.
Ванлесстің топшылауынша, тек ұзын аулы кемелердің салдарынан жылына 300 мың теңіз құсы, соның ішінде 100 мың альбатрос өледі. Бұл қанаттылардың есеюі ұзақ уақытқа созылады. Екі жылда бір рет қана жұптасатын көптеген түріне жойылу қаупі төніп тұр, сондай-ақ теңіз құстарына төнген одан да зор қауіп бар.
Гоф аралы Атлант мұхитының оңтүстігіндегі – миллиондаған жұптасатын теңіз құсының мекені. Солардың арасында Атлант мұхиты дауылпазының әлемдегі біртұтас популяциясы мен жоғалудың алдында тұрған тристандық альбатростардың бірнеше жұбынан басқасының барлығы бар. Зерттеушілер дауылпаз бен альбатрос балапандарының аз бөлігі ғана ғана тірі қалады деп дабыл қаққаннан кейін Росс Ванлесс алғаш рет Гоф аралына 2003 жылы аяқ басты. Адам баласы дүниежүзіндегі барлық аралға апарған егеуқұйрық пен мысықтардың теңіз құстарына қырғидай тиіп жүргені белгілі болды. Алайда ол жерде тек тышқандар ғана бар-тұғын. Видеокамералар мен инфрақызыл сәулелердің көмегімен Ванлесс тышқандар дауылпаз балапандарына не істегендерін жазып алды. «Күн батысымен дауылпаздың інінен бір тышқан шықты. Біраз кідіріп, ол балапанды тістелей бастады. Өзге кеміргіштер келіп бас салған жиіркенішті шабуылдың куәсі болдым. Арагідік етке таласып, қанын сіміріп, ішкі органдарын жеу үшін ішіне қарай жанталасқан тышқандар саны төрт-бесеу болды», – деді ол.
Жерүсті жыртқыштарынсыз дамыған теңіз құстарының тышқандарға қарсы ешбір қорғанысы жоқ. Қою қараңғы ініндегі дауылпаз балапанына не болып жатқанын көре алмайды, ал ұясында жүрген тышқанды қауіп көретін түйсік жетіспейді альбатросқа. 2004 жылы Ванлесс Гоф аралындағы тристандық альбатростардың 1353 жұптасуы сәтсіз аяқталғанын тіркеді, олардың көбі жыртқыш кесірінен. Сәтті жұптасулар саны – небәрі 500 ғана. Жуырдағы жылдарда мұндай сәтсіздіктер 90 пайызға дейін жетті. Гоф аралындағы барлық теңіз құс түрі арасында кеміргіштер жылына екі миллион балапанның көзін құртып отыр. Бұл құстардың көбі ересектерін балық кәсіпшілігі салдарынан жоғалтады. Тристандық альбатростардың ересектері арасындағы жылдық өлім-жітім 10 пайызға артқан, бұл табиғи өлім деңгейінен үш еседен астам артық. Он пайыз ересектер өлімі қосу 90 пайыз көбею сәтсіздігі – жойылу формуласы, міне, осындай.
Теңіз құстары популяцияларының апатты азаюының себебі көп. Анчоус тәрізділер мен басқа кішкентай балықтарды шамадан тыс аулау олардың қуатын сарқиды. Мұхит толқындарын құбылтқан климат өзгерісі Исландия пуффиндері арасында көбею сәтсіздіктеріне себеп болып отырғаны байқалады, ал ойпат аралдарда ұялайтын құстар көтеріліп жатқан теңіз деңгейі қаупіне қауқарсыз. Пластик қоқыстары, әсіресе Тынық мұхиттағы ластану теңіз құстарының асқазандарын толтырып, оларды қорек болар азықтан қағып отыр. Теңіз сүтқоректілерінің қайта жандануынан итбалықтар жас пингвиндермен қоректеніп, теңіз арыстандары суқұзғынтектестерді олардың көбею алаңдарынан ығыстырып шығаруда. Киттер де сүңгуір құстармен қорек аулауда бәсекелеседі.
Алайда теңіз құстары үшін бірінші қауіп жыртқыштар болып отыр: егеуқұйрық, мысық пен тышқандар. Мәселенің көңіл көншітер тұсы – жыртқыштардың шешімі бар мәселе екендігінде. Island Conservation тәріздес ұйымдар жыртқыш көзін құртуды мінсіз деңгейге жеткен. Уланған жемтік тастауда олар тікұшақ пен ГИС технологиясын пайдаланады.
Бүгінгі таңда кеміргіштерді жою бойынша ең амбициялы жұмыстарды Оңтүстік Георгияның мәдени-тарихи мұрасын қорғау қоры атқарып отыр. Оңтүстік Георгия аралы Антарктика түбегінен 1500 шақырым қашықтықта орналасқан, сан мөлшері, бәлкім, 30 миллиондай болатын теңіз құсының көбейетін мекені. Егеуқұйрығы мен тышқандары жоқ аралға айтылған мөлшерден үш есе көп құс оп-оңай сияды. 2011 жылдан 2015 жылға дейін 10 миллион АҚШ доллары жұмсалып, үш тікұшақпен Оңтүстік Георгияның мұзы жоқ әрбір аумағына уланған жемтіктер тасталды. 2015 жылдан бері аралда тірі егеуқұйрық не тышқан кезіккен емес.
Енді осындай жұмыстар Гоф аралы үшін де 2019 жылға, Оңтүстік Африканың Марион аралына 2020 жылға жоспарланып отыр.
Теңіз құстары асқан әлсіздік пен ерекше төзімділіктің ғажайып комбинациясындай. Салмағы 10 келі болатын тристандық альбатрос 30 грамдық тышқаннан өз балапанын қорғай алмайды, бірақ салқын теңіз суы мен дүлей желді елемейді, тіпті үлкен шағаланы да үркіте алады. Ұзақ өмір сүретіндіктен, ол 20 жыл көбеймей тіршілік етсе де, ұясына төнген қауіп сейілген соң әлі де балапан баса алады.
«Теңіз құстарының қалпына келу қабілеті жақсы, – дейді Island Conservation ұйымының ғылыми директоры Ник Холмс, – жердегі қауіп-қатермен күрес оларды басқа қауіп көздеріне қарсы күшейтеді». Iс ұйымы мен оның серіктестері Калифорнияның Анакапа аралында егеуқұйрықты құртып жібергеннен кейін мұнтазтектестер (ұзын тұмсық қайраның тұқымдасы – Synthliboramphusscrippsi) балапан басу көрсеткішінің табысы 30-дан 85 пайызға бір-ақ көтерілді. Анакапа аралындағы мұнтазтектестер енді қауіпсіздікте әрі алғаш рет осында күл түстес качуркалардың көбею жағдайы тіркелді.
Жойылудың алдын алу үшін оның бұл әлемде бар екенін білуіңіз қажет. Сізге окулярлық дәлел керек, ал теңіз құстары оны ұстап тұруға әсте шебер. Магента дауылпазының оқиғасын еске түсіріңіз. 1867 жылы «Магента» италиялық зерттеу кемесі Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде үлкен, ақшыл сұр дауылпаздың жалғыз бір дарасын суретке түсіріп алды. Бір ғасырдан астам уақыт бұл түрдің бар екендігінің жалғыз ғылыми дәлелі осы болды. Бірақ көзге түспеушілік адамды шатастырады, 1969 жылы әуесқой орнитолог Дэвид Крокет бұл құсты іздеп Жаңа Зеландияның Чатам аралдарына барады. Чатам үлкен аралының басым бөлігі жайылым үшін тазаланған болса да, оның оңтүстік-батыс бөлігі әлі де орманды болатын. Осындағы аралдарда ғасырлар бұрын өмір сүрген палинезиялық адамдар – мориорилерден қалған қалдық үйінділері арасынан анықталмаған тау-тау дауылпаз сүйектері табылды. Крокет мориорилердің жергілікті тілде «тайко» деп атайтын үлкен дауылпазды жеген соңғы жазбасын оқыды. Ол 1908 жылы жазылған екен. Оған «тайко дегендері сол Магента дауылпазы шығар әрі ол әлі де ормандағы індерде ұялап жүрген болар» деген ой келді.
Мориорилер тайко аулаған орманды массив қой өсіретін ферма қожайыны Мануэль Туануи иелігінде болатын. Өз жеріндегі жоғалған жергілікті құсты табу перспективасына құштарлығы оянған Туануи мен оның жасөспірім баласы Брюс екеуі Крокетке көмектесіп, орманда індерді аралап, түнде ұшып келетін теңіз құстарының назарын аударатын шам ілу арқылы тайконы іздеудің қиын-қыстау жұмыстарына атсалысты. Брюс үшін Крокет тайпоны (маори тілінде «аруақ» дегенді білдіреді) іздеген түсініксіз адам еді. Брюс көрші аралдағы Лиз Грегори-Хант есімді жас қызға үйленген кезде Лиз оның отбасының шырмауына оралды. «Әлдебір құйын тартып әкеткендей, бұл сенің өміріңе айналады», – деп ойымен бөлісті.
1973 жылдың 3 қаңтарындағы түнде Крокеттің еңбегі зая кетпей, ол Магента дауылпазының сипаттамасына келетін төрт құсты көрді: окулярлық дәлеліңіз, мінеки. Бірақ ол тайконы ұстап алып, олардың қайда ұя салатынын да білгісі келді. Брюстің көкесі оларға бір жаңалықты айтқанша тағы бес жыл өтті: «Олар екі тайконы ұстап алыпты». Ғалымдар тобының ұсталған құстарды радио-бақылау арқылы тайконың екі қолданыстағы індерінің орнын анықтауға тағы он жыл кетті.
Туануис үшін бұл тек басы еді. Тайконың жалғыз ғана мәлім көбею мекені олардың жерінде еді. Бұл құсты жоғалудың сәл алдына апарған қауіптерден қорғау қажет болатын. Індер айналасына мысықтар мен қалталы егеуқұйрыққа қақпан құрылды. Мануэль Туануи үкіметке 1200 га орманды жерді тегін берді, үкімет ол аумақты қой-сиырдан қорғау үшін қоршап алды. Азғана жыл ішінде орманда тайко жұптары көбейе бастады, бүгін олардың саны 20-дан асады.
Қаңтар айында С64 код атты аналық тайконың ұясына баратын ұзақ жол сапары үшін теңіз құстары жөніндегі британдық маман Дэйв Бойл мен волонтер Жизель Игл тобына қосылдым. Бойл С64 тайкосының жұмыртқасы жарылып, ол көп уақытын теңіз шарлауға шығатын уақытқа дөп түскісі келді. «Оның жасын анықтау мүмкін емес, – деді ол, – ол басқа жерде басқа жұбымен қосылған не өте жас болуы да бек мүмкін».
С64-тің ұясы құлама жартаста салынған екен. Бойл тізерлеп отырып, ұяның артқы шетіне бұрынырақ орнатылған жерасты ағаш қораптың қақпағын алып тастады. Үңіле қарағаннан кейін ол мұңая басын шайқады. «Жұмыртқадағы балапанның біреуі жарып шығып жатып, қысылып қалғанға ұқсайды».
Балапан өлімі сирек құбылыс емес, бірақ көбеюдегі әрбір сәтсіздік барлығын қосқанда небәрі 200 болатын құс түрі үшін бұл кейінге шегінуді білдіреді. Бойл қорапқа қол салып, С64-тің біреуін алып шықты. Ол шиыршық атып, қапшыққа салғанға дейін Бойлды тістелеп тастады. Ұяның айналасында босқа уақыт өткізуден бас тартқан ол өлі балапанды алып, оның аяқтарына тұсау болған жұмыртқа қабығын жарып тастады. Иглмен бірге әрекет ете отырып, С64-тің аяғына лента жабыстырып, ДНҚ сынамасын алу үшін ине шаншыды да, арқасындағы тері астына микрочип орналастырды.
«Бүгін ол үшін сәтсіз күн екен», – деді Игл.
«Микрочип орнатылғаннан кейін оны қайтып еш мазаламаймыз», – деді Бойл.
Тірі қалған азғана тайко орманның түкпіріне барып ұялады, өйткені ол жер салыстырмалы түрде қауіпсіз, болмаса, ең қолайлы мекен болғандығынан емес. Қанаты қатаюы үшін ересек тайконың өзі ағашқа өрмелеуге мәжбүр әрі жас құстың орманнан ұшып шығуы үшін талпынысы бірнеше күнге созылып, бұл оны мұхитта тірі қалуға тым әлсіздендіріп жіберуі мүмкін. 1998 жылы Туануи отбасы Chatham Islands Taiko Trust ұйымын ресми ашқан кезде олардың бір мақсаты – суға жақын, жыртқыштан қорғайтын қоршау салу үшін аралдан тыс аймақтан қаражат жинау болатын. Қоршау құрылысы 2006 жылы аяқталып, орманда жаңа туған балапандардың көбі осы мекенді ұмыттырмас әрі көбею мен осында қайтып келуге «ынталандыру» үшін қанаты біткенге дейін сол аймаққа апарылды. Алғашқы осылай «тәрбиеленген» тайко 2010 жылы оралды, сол уақыттан бері олардың көбі қайтып келді.
Taiko Trust ұйымы, сондай-ақ құстар үшін балама ұялау мекенін ашу мақсатында денесі кішірек, ал жойылу қаупі тайкодан аз түспейтін Чатам дауылпазының балапандарын да таяу маңдағы аралға апарды. Жалғыз ғана үйірі «Те Тара Кой Коя» деп аталатын теңіздегі тастар аралында (Пирамида деген атпен де танымал) ғана бар Чатам альбатростары популяциясын арттыру үшін ұйым 300 балапанды үлкен аралдағы жыртқыштан қорғалған екінші аумаққа апарды. «Ұйым қызметін жалғастыру үшін басқа түрлерді қолға алу керек екендігін білдік», – деді Лиз Туануи.
Лиздің осылай қызмет етіп келе жатқанына қырық жылдан асты. Ол – Taiko Trust ұйымының төрағасы. Брюс екеуі бас-аяғы 13 орман учаскесін қоршап үлгерді. Олардың жетеуіне өз қаражаттарын жұмсады. Мұның теңіз құстарына да, жергілікті құрлық құстарына да, соның ішінде үлкен аралда бір кезде жойылуға шақ қалған көрікті Чатам көгершіндері үшін де пайдасы зор болды: қазір көгершіндердің саны мыңнан асқан. Одан қой өсіріп отырған отбасы әлемнің ең сирек үш құс түрін құтқару үшін күш-қаражат жұмсап, осындай ауыр міндетті неліктен мойындарына алғандарын сұрағанымда иығын көтерді. «Егер мұны біз істемесек, ешкімнің шаруасы жоқ-тұғын. Тайконы табуға көп тер төктік. Ол біздің, Чатам аралының бір бөлігі ғой», – деп жауап берді Лиз.
«Ғажап! Қазір 25 жыл бұрынғыға қарағанда орман алқаптарын қорғайтындар саны он есе өсті», – дейді ол.
Менің байқағаным, Чатам аралдары мен көбіміз өмір сүретін әлемнің айырмашылығы аралдықтарға теңіз құстарын елестету үшін көз жұмып қиналудың керегі жоқ. Жақында «жұбайының көңілін аулау» үшін жас альбатростар қайтып оралатын, жыртқыштан қорғалған жартасты Те Тара Кой Кояға дейін катермен екі-ақ сағаттық жол. Бас айналдыратын тік жартасты сол жерде балдыр қаптаған тау тастарына ұрылып жатқан көк мұхит толқындары үстінде альбатростар үлпілдек сұр балапандарына қарай ұмтылады. Төбеде өлшем сезіміңізді алдайтын, теңіз шағаласынан үлкен көрінбейтіндей мөлшерде ұшып жүрген альбатростар айналып, алып қанаттарымен желдің бағытымен қозғалады. Оларды санаулы ғана адамдар көреді.
Авторы: Джонатан Франзен, фото: Томас П. Песчак
Жазушы Д. Франзен 2018 жылы қаңтарда «Құстар не үшін керек?» мақаласын жазған. Бұл – фотограф Т.П.Песчактың National Geographic үшін орындаған тоғызыншы жұмысы.
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa