..."/>
ТАБИҒАТ

Еліміздің солтүстік қақпасы

Айыртау ауданында орналасқан Имантау көлі – еліміздегі ең көрікті табиғи ескерткіштер тізіміне кіреді. Мұнда сирек кездесетін ем аршасы жайқалып тұр. Имантаудың сұлулығы тек өз еліміздің адамдары ғана емес, алыс-жақын шетелдіктерді де баурап алған.

Жер бетіндегі ең ылғалды аймақ саналатын Амазонка ойпаты – Жер шарының «өкпесіне» баланса, ал қазақ жерінің «өкпесі» деп Солтүстік Қазақстан облысы десек, артық айтпаған болар едік. Экологтардың айтуынша, облыстағы орман-тоғайдың көптігі соншалық ондағы ауаның тазалығы ота жасалатын бөлмеге берілетін ауамен пара-пар. Одан бөлек бұл өңірдің қыз күлкілі бұлақтары сылдырай ағып, құлан жоны көрінбейтін көкмайса шалғыны самал желмен толқындана тербеліп тұрады. Сол себепті болар Солтүстіктің бұзылмаған арда табиғаты мен көз жанарыңды суырып әкетердей әсем көрінісі кез келген жанды өзіне ғашық етпей қоймайды. Өңірдің еліміздегі басқа аймағымен салыстыр­ғандағы басты айырмашылығы – қысы желсіз, жазы жұмсақ болатындықтан адамдармен бірге жан-жануарларға да аса қолайлы.

Бір ғана аймақта ірілі-ұсақты 2,5 мыңға жуық көлдің болуы да сирек кездесетін құбылыс. Көл саны көп болғандықтан облыс тұрғындарының басым көпшілігі балық шаруашылығы және омарташылықпен айналысады. Мәселен, солтүстікқазақстандық омарташылар биыл бір мың тонна бал жинау­­ды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа Омарташылар қауымдастығының төрағасы Олег Гаврилов айтты. «Биыл облысқа жеткізілген балдорбалардың арқасында мың тонна бал жинай алатындай шамамыз бар», – деді ол.

Бір ғана Айыртау ауданында шетелдік туристер жиі баратын екі көл бар, соның бірі – Имантау, екіншісі – Шалқар көлі. Имантау көліне келгендер көп жағдайда жағажайда шатыр тігіп алып, табиғат аясында демалғанды қалайды.

Шалқар көлі – еліміздің Солтүстік өңіріндегі көлдер ішінде жалғыз тұзды көл. Ол фитопланктоны балдыр мен зоопланктонға өте бай болғандықтан химиялық құрамы Қара теңізге өте ұқсас. Ал көл жағалауындағы саз балшықтың адамға полиртрит, артрит, қышыма мен остеохондроз секілді аурулардан сауығып кетуіне септігі мол.

«Красный бор» МКК қорығы Солтүстік өңірлерде мекендейтін жан-жануарларды қорғау мақсатында құрылған. Бүгінде қорық аумағындағы марал саны 1100-ге жетіп отыр. Бұл – үлкен нәтиже. Себебі өткен ғасырдың 90 – жылдары онда 200 ғана марал қалған.

Өңірдегі киелі жерлер тізіміне Айыр­тау ауданындағы Ботай мәдениеті, Айғаным қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіш кешені еніп отыр. Ал ел ішінде «Абылайхан қонақ үйі» деп аталып кеткен кешенді мұражай қазақ хандары билік құрған замандардың жарқын үлгісі іспетті. Талай таланттардың ордасына айналған қасиетті өлке ақын-жазушылардан да кенде емес Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов осы өлкеде туған.

Шалқар көлі теңіз деңгейінен 309,7 м биіктікте жатыр. Ұзындығы 15 шақырымнан асатын көлге ірілі-ұзақты 5 өзен құйғанымен, негізгі бөлігін жерасты суынан алады. Құрамы ащы судан тұратын көлдің тереңдігі – 4-5 метр аралығында.

Статистикаға үңілетін болсақ, 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысына демалуға келген туристер 2016 жылға қарағанда 56 пайызға көбейген. Аймаққа әсіресе Ресей, Қытай, Қырғыз­стан, Түркия және Германия елінен туристер жиі келеді. Имантау – Шалқар – Зерендіде, жалпы алғанда, 37 демалыс базасы бар. Биыл сондағы демалыс орындарында болып қайтқан туристер саны 300 мыңға жуықтаған. Аймаққа келетін туристер санының еселеп артуына, әрине, ел Үкіметінің атқарып отыр­ған шаруасы да аз емес. Шынын айтайық, шетелдік туристерді айтпағанда, қазақстандықтардың өзі Солтүстік Қазақстан облысында осындай тамаша жерлердің барын біле бермейді. Осыны ескерген ел Үкіметі жуырда «Астана – Көкшетау – Володар» бағытына қатынайтын электропойыз­­ды іске қосқан болатын. Оған отырған жолау­­шы алты сағат ішінде Имантау мен Шалқар көлінің жағажайында күнге қыздырынып та үлгереді. Қазақстан билігі бұл жерлерге жетуді жеңілдету мақсатында ауданаралық автожолдарды да кезең-кезеңімен халықаралық талаптарға сай етіп өндеуді көздеп отыр. Себебі еліміздің Солтүстік аймақтарын «Транссібір», «Орта Сібір» және «Транс-Қазақстан», «Петропавл»-«Астана»-«Қарағанды» теміржолы және халықаралық автожол кесіп өтеді.

Облыс 97,99 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Бұл ел территориясының 3,6%-ын құрайды.

Солтүстік Қазақстан өңірі флора мен жануарлар әлеміне де бай. Онда өсімдіктердің – 1500, жәндіктің – 5000, балықтың – 20, бауырымен жорғалау­шылардың – 25, құстардың 200 түрімен қатар марал, елік, аю, қасқыр, қабан, борсық, түлкі мен қоян секілді жабайы аңдарды кездестіруге болады.

Айыртау ауданы. Жыл сайын ел қамбасына орта есеппен 18-20 миллион тонна астық құйылатын болса, соның 30 пайызы солтүстікқазақстандық диқандардың үлесінде. Олар жыл сайын 4,5 миллион гектар жерге дәнді және майлы дақылдар егеді. Биыл жергілікті дихандар орта есеппен әр гектардан 18,0 центнер астық алуды жоспарлап отыр. Ең мол өнімге Айыртау ауданындағы «Бабық бұрлық» ЖШС-і қол жеткізген. Биыл бұл шаруашылық орта есеппен әр гектардан 62 центнер астық алған.

Солтүстік Қазақстанның экономикалық-географиялық жағдайы салыс­тырмалы түрде қолайлы саналады. Аймақтың Оңтүстігі мен Батысы Арқаның ақселеулі аймағына сұғына еніп жатса, Солтүстігі мен Шығысы Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстарымен шекараласады.

Облыста Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов және Қызылжар деп аталатын 13 аудан бар.

Қарасай мен Ағынтай батырға арнап салынған бұл мемориалды кешен Айыртау ауданы Қарасай ауылының маңындағы Құлшынбай төбесіне тұрғызылған. Олар 1620-40 жылдар аралығында жоңғарларға қарсы шабуылдарға бірге шығып отырған. Қос батыр 1643 жылы болған «Орбұлақ» шайқасына да қатысқан. Кешен әскери дулыға түріндегі қос мұнарадан тұрады.

Айғаным қонысы.

Айғаным – Абылай ханның тұңғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі, яғни ол атақ-даңқы әлемге тараған, алты Алаштың басын қосып ел еткен, ақыл-парасатына тең келер жан жаратылмаған ұлы Абылайдың келіні. Жаратылысынан айрықша дарынға, ерекше бітімге ие болған, артына өлмес-өшпес мұра қалдырған, мынау жарық дүниеден құйрықты жұлдыздай жарқ етіп ағып өткен ғұлама ғалым Шоқанның әжесі. Оның әкесі Шыңғыс сұлтанның туған анасы. Негізінде әуелі ел арасында өзінің айрықша ақылымен, көріктілігімен, білімділігімен, парасаттылығымен ханша атанған. Жалпақ жұрттың қошеметі мен құрметіне ие болған.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля