..."/>
ТАБИҒАТ

Еріп жатыр

Оңтүстік Америкаға қарай тартылған 1300 шақырымдық Антарк­тика түбегі бойында­­ғы мұз тіршілік үшін аса маңызды. Бірақ ол жылынған ауа мен судың кесірінен құрлық пен теңізде еріп барады.

Антарктикада ауа жылынған сайын ол жердің «ойын ережелері» де біртіндеп өзгеріп барады. Осыған алаңдаған ғалымдар бұл өзгеріс­тердің болашақта неге әкеп соқтырарын білмейді.

Дион Понсет ешкім үйім деп айтуға аузы бармайтын жерде ер жетті. Ол Лейт Харбордағы желкенді кемеде дүниеге келген. Бұл – Оңтүстік Георгия аралындағы қаңырап қалған кит аулау базасы. Әкесі – француздық жаһанкез, ал анасы – аустралия­лық зоолог. Әкесі оны кемесімен саяхаттап жүрген кезінде Тасманиядағы айлақта кездес­тірген. Олар Оңтүстік Атлантикада шаңырақ көтереді. Ерлі-зайыптылар жылдар бойы Антарк­тика түбегінің батыс жағалауын шарлап, үш баласын құндақтап-арқалап жүріп, ешқашан картаға түспеген тар шығанақтардағы жабайы табиғатты, оның ішінде итбалық, гүл жарған өсімдік пен теңіз құстарын зерттеумен айналысқан. Дион – олардың тұңғышы.

Шаянжегіш итбалықтар тынығу, күшіктеу кезінде косатка мен леопард итбалығынан жасырыну үшін суда жүзіп жүрген мұздарға өрмелеп шығады. Антарктика түбегінде теңіз бетіндегі мұз жұқарған сайын құрлықтан бөлініп шыққан айсбергтер жануарларға аса қажет тынығу орындары ретінде қызмет етіп келеді. Бүгінде шаян емес криль жеуге көшкен бұл мақұлықтардың да болашағы бұлыңғыр болып тұр.

Антарктика түбегі – ақ континенттің солтүстігіндегі таулар мен жанартаулардың 1300 шақырымдық тізбегінен құралған ұзын жолақты аймақ. Дионның ойын алаңы осы жерде болды. Бала Дион мен оның інілері кітап оқып, сурет салып, пингвиндерді қуалап, қаңырап бос қалған ғылыми стансаларда тығылыспақ ойнап және ешқашан адам аяғы баспаған төбелерден шанамен сырғанап өсті. Басқа балалар мектеп ауласында бір-бірімен төбелесіп жүргенде Дион әуеден құлдилай келіп шоқитын қаратұмсықтардан таяқ жейтін: олар шекесінен шоқып алғанда көзінен жас ытқып шығатын. Басқа балалар үй камерасымен түсірілген видеоларда жүргенде Понсет отбасының балалары 1990 жылы National Geographic арнасының Антарктикада есею туралы деректі фильмінен көрінді.

Шамамен отыз жылдан кейін тоңазытқан кешкі түні Понсет екеуміз оның Hans Hansson деген атауы бар 26,5 метрлік «жылжымалы үйінен» Адели пингвиндері тіршілік ететін мұздыққа қарап тұрдық. Жасы 39-ға келген Понсет – сары шашты, ат жақты, томаға-тұйық жан, оның алақаны күректей болатын. Ол ересек өмірінің көп бөлігін ғалымдар мен келушілерді жалдамалы кемесіне отырғызып, Фолклендтегі базасынан Оңтүстік Георгия мен Антарктика айналасындағы су бассейндеріне тасымалдау­мен айналысады. Мен Пол Никлен бастаған фотографтар тобымен бірге Антарктика түбегінің батыс жағалауына саяхатқа шықтым.

Жас көккөзді суқұзғыны жағалау маңында суға сүңгуге тырысуда. Бұл оның бірінші талпынысы болуы мүмкін. Көптеген теңіз құсы Антарктика түбегінде ұя салып, қоректенеді.

Бұл жер планетамыздағы ең ғажап орта болғанына қарамастан тоз-тозы шыға бастаған. Мыңдаған шақырым жерден келген ыс пен түтін батыс түбектің ауасын басқа аймақтарға қарағанда жылдам ластауда (ауа жылынуы жағынан Арктика ғана оған ұқсайды). Ауаның жылынуы жануарлардың қоректенетін, тынығатын, ұрпақ өрбітіп, өзара қарым-қатынас құратын ортаны өзгерткен. Сонымен бірге бұл аймақтағы көптеген жануардың қорегі болып табылатын асшаян тәріздес крильдерді алыс елдерден келген балықшы кемелері жым-жылас қып жатыр. Себебі криль диеталық қоспа мен фармацевтикада, Норвегия фиордтарындағы ақсерке мен акванариумдағы тропикалық балықтарға жем ретінде пайдаланылады.

Бұл жақта уақыттың жылдам өтетіні соншалық, ғалымдар бұл өңірдің болашағын болжау­дан аулақ. «Әлдебір сұмдық нәрсе келе жатыр, – дейді Стоуни-Брук университетінің пингвиндерді зерттейтін биологі Хизер Линч, – не болып жатқанын білмеу біздің мазамызды қашырады».

Батыс түбекте Адели пингвиндерінің популяциясы жойылуға шақ қалған: кей түрлері кемінде 90 пайызға да азайып кетуі бек мүмкін. «Бұл құстардың топ-тобымен бір шығанақта шоғырланатыны туралы мәліметтер сонау 1904 жылғы жазбаларда кездеседі. Алайда сол шығанақта бүгінде небәрі алты-ақ ұя қалған», – дейді Понсет. Сол күні кемедегі үйінде Понсет екеуміз алғашқы үлкен үйірді көргенімізде түбектің батыс жағалауынан солтүстік-шығыс жақ бөлігіне өтіп кеткен едік.

Бұл аймақты ата-анасымен бірге желкенді кемемен алғаш кесіп өткен кезден бері Дион Понсет үшін Оңтүстік Атлантикада көп нәрсе өзгерген. Олар Оңтүстік Георгиядан төмен қарай Антарктикаға сапар шеккен. 1988 жылғы мына фотода Дион тоғыз жасында інісі Лейв екеуі теңізге қарап тұр. «Бала кезімдегі Антарк­тика түбегінен қазір түк қалмаған», – дейді Понсет.

Титімдей Полет аралында мыңдаған пингвин жартасты ылдида қаз-қатар ұйыса жиналып қалыпты. Кемеміздің оң жақ қапталында шұрқырасқан қалың пингвин шайқалақтаған боулинг кегльдері сияқты бір-бірімен қақтығысып, тайғанап жүр. Біреуі құдды бір шаңғышыдай қанаттарын артына қайырып алып жылтыр мұздан төмен қарай заулап бара жатып, жолдағы бірнешеуін соғып өткенін көргенімде шыдай алмай күліп жібердім. Понсет болса жай ғана басын шайқады.

Антарктиканы тек ажал мен хаос мекені деуге де болмайды: миллиондаған адели пингвині континентте көбейіп келеді. Десе де, батыс түбектегі трансформация зор әрі Понсеттен басқа осындай өзгерістерге куә болған адам кемде-кем. Ол білген әлем жоғалып барады.

«Бастан кешкен дүниенің бәрі – бала кезімде барған жерлерім келмеске кетіп бара жатқаны анық, – дейді Понсет, – ол кезде мұны солай болуы керек деп қабылдайтын едім».

Антарктиканың көп бөлігі – жазық, қар бораған құлазыған дала. Мұнда температура – 96ºС дейін баруы мүмкін. Понсеттің «Антарктикасы» мүлдем өзгеше.

Мұзда өрмелеп шығып, сырғанап түсетін Адели пингвиндері. Олардың артындағы Поулет аралында мыңдаған үйірлесі гуанатәрізді жартасты құзда мың-мыңдап тізіліп тұр. Түбектің батыс жағалауы бойындағы Адели пин­гвиндерінің үйірі су жылынуы салдарынан күрт азайған. Бірақ түбектің солтүстік-шығыс бұрышында жел мен мұхит ағыны суды сәл де болса салқын ұстайды және Адели пингвиндері осылай жан сақтауда.

Антарктика түбегі бүкіл Италиядан ұзын әрі бірқалыпты зонаға – солтүстікке қарай иіліп тұр. Оның климаты – Антарктиканың басқа бөліктерімен салыстырғанда, әлдеқайда жылы. Жаздағы температура мұз қататын деңгейден жиі жоғары көтеріледі. Өсімдік өсетін оқшау жер телімдері гранит пен базальттан тұрады. Адели пингвиндері Антарктика жағалауы бойындағы жерлердің бәрінде бар. Түбекте суық континентте жоқ жануар түрлері де тіршілік етеді: теңіз мысығы, теңіз пілі, антарктикалық пен папуа пингвиндері.

Антарктиканың таулы-жартасты түбегіндегі мүлгіген тыныштықты ауық-ауық құстардың саңқылдаған ащы дауыстары мен аңдардың қыбырлаған дыбыстары ғана бұзады. Бұл – ақ-көк мұздықтардың мұхитқа ағылып, кез келген форманы ала беретін айсбергке барып соқтығысатын оғаш бұрыштар мекені. Аумағы шағын қаламен бірдей алып айсбергтердің төбесі көкке тірелетіндей. Тіпті ондаған шақырым жерден олардың шытынап, зеңбірек жарылыстарындай қарс айырылып жатқанын естуге болады.

Теңіз мысығы бетін қар жапқан кит сүйектер үйіндісі жанында тынығып жатыр. Киттердің көптеген түріне қарағанда бұл сүтқоректінің саны Антарктикада оларды аулауға тыйым салынғаннан бері едәуір артқан. Қазір Оңтүстік Шетланд аралдарындағы олардың популяциясы қайтадан кеміп барады. Бұл – теңіз мұзы еруінің кері әсері. Соның салдарынан теңіз леопарды итбалық марғауларын қорек ету үшін жағалауға үйір болып алған.

Бұл жабайы табиғат сияқты болып көрінгенімен, шындығында, адам аяғы тимеген деп айтуға келмейді. Антарктиканы ешкім көрмей тұрып-ақ, адамдар бұл аймақтың тіршілігіне араласа бастаған. Капитан Джеймс Кук баскиім мен тон бизнесі үшін 1770 жылдарда Антарктикаға алғаш рет аңшыларды апарып, теңіз мысықтарын миллиондап қыра бастаған. Олар теңіз пілдерін де аяған жоқ: оның майы бояу мен сабын жасау үшін пайдаланылатын. Континентке алғаш табан тірегендердің бірі, бәлкім, коннектикуттық итбалық аулаушылар болса керек, олар батыс түбекке алғаш рет 1821 жылы келген.

Белгілі бір уақыттан кейін кит аулаушылар сейвал мен финвалды, көк кит пен бүкір киттерді аулай бастады. Олар киттің аузынан сүйектерін суырып алатын, ал бұл сүйектерден қамшы, қолшатыр тұтқасы, корсет пен рессор жасалатын. Ал кит майы отын, шамға тамызық пен маргарин жасауға пайдаланылып отырған. ХХІ ғасырдың басында Оңтүстік Георгия кит саудасының «Меккесіне» айналды. «Лейт Харбор» оның ең соңғы жабылған стансасы еді. Оның қызметі 1966 жылы тоқтады.

Сол жылдан бері климат өзгерісі аймақта өз қолтаңбасын тайға таңба басқандай етіп қалдырды. Батыс түбектегі қыс мезгілінің температурасы 1950 жылдардан бері 5ºС-қа дейін жылынған. Жел әсерінен мұхит суының айналымы өзгеріп, тұңғиықтағы жылы су көтерілуде. Мұның салдарынан теңіздегі мұздықтар, яғни мұхиттың тұзды беті қатқан кезде пайда болатын сынған кесектер азайды. Қазір теңіз мұзы кеш қатып, ерте еріп кететін болды. 1979 жылмен салыстырғанда, батыс түбектегі мұзсыз маусым толық 90 күнге ұзарған.

Адели пингвині балшық басқан денесін сілкіп, тазалаумен әлек. Жаһандық жылыну салдарынан Батыс Антарктика түбегінде жауын-шашын көбейіп, ылғалға төзімді түктері шығып үлгермеген балапан пингвиндер жаурап, полярлық желдің ызғарынан ажал құшуда. Кей жұмыртқалар су басқан ұяларда қалып қояды.

Понсет дүниеге келер алдындағы қыста оның ата-анасы мұз қатқан Маргарита шығанағын зерттеп, апталап жүретін. Олар шығанақтың қатқақ жерін шанамен кезетін. «Қазір ол жоқ. Теңіз мұзының өзі әрең қатады», – дейді Понсет.

Мұз қатпағаннан кейін жылы су суық ауаның ықпалында қалып, булану артады, бұл әлемнің ең құрғақ контитентіне жаңбыр немесе тіпті қар болып түседі. Батыс жағалауға барар жарты жолдағы Маргарита шығанағына 2016 жылы барғанында Понсет бір аптадай созылған су тасқынына тап болған. «Отыз жыл бұрын адам баласы көктен жауған бір тамшы жаңбыр суына зәру болған бұл жерде», – дейді ол.

Тереңнен келетін жылы су құрлықтағы мұздықтарға тіптен әсері мол. Ол мұздықтар мен құрлықтың теңізбен түйіскен тұстарына соғылып, мұжиды. Британдық зерттеуге сүйенсек, батыс түбектегі 674 мұздықтың кемінде 596-сы еруге ұшыраған. Антартиканың басқа жерлерінде үлкен мұз «сөрелері» еріп, суға ағып кеткен. Бұл жаһандық теңіз деңгейінің жылдам көтерілуіне қатер төндірмек. Түбектің өзіндегі шығыс жағалауда мұздықтар аса ірі көлемде бөлініп, суға аққан, тек өткен жылдың өзінде Делавэр штатымен бірдей мұз бөлігі Ларсен С қайраң мұздығынан бөлініп кетті. Бірақ шығыс жағалау батыс жағалауға қарағанда шамамен 3ºС салқын. Күші басым жел айналып соғып, теңіз мұзын батыстан, яғни түбектің ұшынан шығысына қарай айдайды. Бұл ирелең оны құрлықтан ұзатпайды.

Батыс түбек – Антарктиканың жылы нүктесі. Көбіне карталарда ақ түспен белгіленетін оның қазір жылынғаны соншалық, осы континентте ғана өсетін гүлді өсімдіктер – айра мен сары гүлді майлышөп шоғырлары құрлыққа жа­­йылуда. Арамшөптер мен қыналар да дәл солай көбейіп жатыр. Жасыл мүк бұрынғыға қарағанда үш есе жылдам өсуде. Бір кездері қар жапқан аралдың ең жоғарғы нүктелері қазір еріп, дымқыл қара жер көрінген. Мұның әсерінен жер балшыққа айналып, қарс айырылып жатыр.

«Ландшафт солып барады», – дейді Понсет. Жаңбыр шелектеп жауған бір күні құстардың саңғырығымен боялып, реңі ұясына кіріп жатқан күнге ұқсайтын жартасты қайраңда үстері лас бірнеше Адели пингвинін көрдік. Олардың бірі – мамық сұр қауырсыны суланған балапан-тұғын.

Антарктика бұғазы жанындағы түбектің қиыр солтүстік ұшы. Теңіз леопардының мына жас Адели пин­гвинін суға батырып, тұншық­тырғанға дейінгі бірер сәт бұрын. Жарты тонна тартатын бұл жыртқыштар пингвиндермен ойнап, оларды су бетіне тарсылдата ұрады. Әдетте, теңіз леопарды аңға жалғыз шығады. Бірақ теңіздегі мұздың кеш қатуы мен ерте еруі салдарынан олар пин­гвин үйірлері бар жағалау жақтарға үйірсек болып алған.

Адели пингвиндері осы түбектің жалғыз антарктикалық пингвин түріне жатады. Жаңбыр не қар жауып, мұз еріп жатса да жыл сайын олар осы мекенге оралып, ұяларын ұсақ тастардан салады. Олар құрғақ тас не топырақты ұнатады, бірақ қазір, көбінде ұяларын жеңіл қарға салуға мәжбүр. Қар ерісе ұялары қирап, жаңбыр жауса, тоған секілді суға толып қалады. Осылайша, адели пингвиндерінің жұмыртқалары судан бірақ шығады. Ылғалға төзімді әрі суықтан қорғайтын қауырсын өсіп үлгермегендіктен балапандар суға батып, ызғардың кесірінен тоңып өледі.

Ал ересектері болса, мұздың жоғалуынан зардап шегуде. Адели пингвиндері түкпірдегі теңіз мұздықтарында түлейді және мұздықтарды жол стансасы ретінде қоректерін аулау кезінде жыртқыштарды айналып өтуге пайдаланады. Олар тәуліктеп жүзе алғанымен теңіздің жоғарғы жүз метр тереңдігінде ғана жүруге бейім. Су жылынған сайын бейімделгіш пингвиндер ішке, яғни құрлыққа қарай тартылды. Папуан пингвиндері майлы әрі ірі болғандықтан ұяларын қашан қайда салу жағынан қоршаған орта шарттарына икемді әрі ұяларына бір нәрсе болған жағдайда жаңа жұмыртқа тууға бейімді. Қорек талғамайтын олар құрлыққа таяу жерде ғана балық аулайды. 1982 жылдан 2017 жылға дейін батыс түбек пен Оңтүстік Шетланд аралдарындағы Адели пингвиндерінің көбейетін жұптарының саны 105 мыңнан 30 мыңға, яғни 70 пайызға дейін азайған. Папуан пингвиндерінің жұптары болса 25 мыңнан 173 мыңға, яғни алты есеге дейін артқан.

Саванна үшін шөп қалай қажет болса, бұл аймақ үшін де мұз соншалықты маңызды. Ол жоғалған кезде арақатынастар болжанбаған жаққа қарай өзгеруі мүмкін. Таңдардың бірінде антарктикалық бұғаздың жанында Никлен мен фотограф Кейт Ладзински үшеуміз акваланг киіп, жағалау маңына сүңгуге кеттік. Үріккен Адели пингвинінің бір кесек мұз үстінде толқындарға қарап тұрғанын көрдік. Ол бәлесінен аулақ деп тұрғандай көрінді. Бұған себеп те жоқ емес. Әлдебір теңіз леопарды торуылдап, ара-тұра мұзды иіскеп қояды.

Теңіз леопард шағын келгенімен, салмағы жарты жеңіл көліктей тартады. Оның тісті жақтары қоңыр аюдікінен де кең ашылады. Аузын жапқандағы кейпінен ащы мысқыл көрінетіндей. Ол бұл мекеннің жалғыз патшасына ғана тән азғындаған мазасыз түрімен айналамызды торуылдап жүре берді.

Кенеттен тағы екі теңіз леопарды пайда болды. Олар бірінің артынан бірі оратылып, еріне айналып жүрді. Артынша көздері басқа пингвиндерге қадалған тағы екеуі келді. Құстар бірінен соң бірі суға сүңги бастап еді жыртқыштар артына түсті. Кей пингвиндер бұрылып, кері қарай – мұзға, яғни қауіпсіз жерге секірді. Барінің бірдей жолы бола бермейді. Қала сыртындағы екі аула көлеміндей жерде бес леопард көп ұзамай қанталаған қоректерін жұлқылап, жас етке мұрттарын майлады.

Бес теңіз леопарды маңайды торуылдап жүргені байқалған күні мына Антарктика, Папуан және Адели пингвиндері үйірлеріне қайту үшін бір-бірін таптап, жапа-тармағай жағалауға ұмтылуда.

«Бойыңды түршіктіретін бұл көріністі еш ұмытпаспын», – дейді кейіннен маған Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің теңіз леопарды жөніндегі сарапшысы Трейси Роджерс. Қоңыр аюлар сияқты бұл жыртқыш та жалғыз жүріп, әдетте, теңіздегі кең алқапта қорегін аулайды. Аңшылық арасында оларға тынығып алуға мұз кесектері қажет. Климат өзгерісі салдарынан мұздың жұқаруы оларға оңай тиіп отырған жоқ.

Бұл леопардтың теңіз мысығының жұптасу аймақтарында жүргені бұрын сирек байқалатын. «1800 жылдары осы мысық артына түскендер күнделік жүргізе бастады, – дейді АҚШ Мұхит пен атмосфераны зерттеу жөніндегі мемлекеттік басқарма биологі Дуг Краус, – олардың ешқайсысы осындай мекендердің маңынан теңіз леопардын көргенін жазбаған». Қазір Оңтүстік Шетланд аралдарындағы Ширефф мүйісінде жыл сайын 60-80 теңіз леопарды жағалауда әрлі-берлі шұбырып жүреді. Олар аймақтағы теңіз мысығының ең үлкен жұптасу мекенінде жаңа туған күшіктердің жартысынан астамын өлтіріп тынады.

1950-жылдары Антарктикада теңіз мысығының коммерция­лық саудасы тоқтағаннан кейін олардың саны қайтадан күрт арта бастады. Ғалымдар оларды жылынып бара жатқан климатқа жақсы бейімделеді деп ойлаған. Қазір Ширефф мүйісіндегі олардың саны жыл сайын он пайызға азайып барады. «Біздің көріп отырғанымыз – мүлде қалыптан тыс нәрсе. Мұны ешкім көріп болжаған емес», – дейді Краус.

Ал, есесіне, ешкім болжамаған жағымды жаңалық ретінде бүкір киттердің күрт көбеюін айтсақ болатындай.

Қаратұмсық пингвин­дердің жұмыртқалары, оны жаңа жарып шыққан балапандары балық және крильмен қоректенеді. Сондай-ақ олар күшігеннің антарктикалық баламасы іспетті «тазалаушы» рөлін атқарады: олар салқын ауа райында шірімейтін өлекселерді жеп, үнемі айналаны тазалап жүреді.

ХХІ ғасырдың басында кит аулау кәсіпшілігі кит тектес балықтардың көзін жойып жібере жаздаған. Олардың көптеген түрі әлі де оңала алмауда. Айталық, 1900 жылдары көк кит саны шамамен 250 мың болса, бүгінгі популяциясы соның бес пайызы ғана. Бірақ Антарктикадағы бүкір киттерінің популяциясы қалпына оралды: олардың саны жылына 7-10 пайызға артып келеді. «Олар құтырып кетті!» – деп Ари Фрейдландер назданды. Палмер архипелагін ашық скиф-қайығымен кесіп келе жатқанда алдынан біреуі атып шыға келген екен.

Санта-Круздағы Калифорния университетінің теңіз экологі әрі National Geographic зерттеушісі Фрейдландер 2001 жылдан бері киттердің Антарктидан тыс жерлерде қалай және немен қоректенетіндерін зерттеумен айналысады. Ол бұл киттердің бір-бірімен аунап ойнап жүргені мен ешкім ойламаған тереңге сүңгігенін таспаға жазып алған. Ол бүкір киттердің дем арқылы мұзда ойық жасағандарын көрген. 36 метрикалық тоннаға дейін тартатын жануарлар үшін мұның барлығы көп энергияны қажет етеді.

Фрейдландер мұның алғашқы белгісін 2009 жылы теңізге шыққан сапарында көреді. Бұл күздің соңы еді, сондықтан ол әріптестерімен бүкір киттер әлдеқашан Эквадор мен Панама жақтағы «қыстақтарына» кетіп қалған болар деп ойлаған. Артынша жаңғырыққа арналған құрал кеменің астындағы криль үйірін анықтайды. «Біз келесі күні таңертең оянсақ, айналамызда ешқайсысымыз бұрын-соңды ғаламшардың ешбір жерінен көрмеген қалың киттің шұбырып жүргенін көрдік. Олар мұнда мұз болмағандықтан жүрген еді», – дейді ол. Олар 15 шақырым аралықтан 306 кит санап шыққан.

Фрейдландердің түсіндіруінше, бүкір киттер наурыздың соңында не сәуірдің басында теңізді мұз жапқан бойда Антарктикадан кетіп қалатын. Ал қазір мұзсыз күндер ұзарғандықтан ашық суда кезіп жүріп, криль аулайтын мүмкіндік туғандай. Көздері моншақтай мөп-мөлдір, ал көлемі жұмыс қағаздарын бекітіп қоятын түйрегіштей ғана бұл титтейлер шақырымдап созылатын қалың нөпірмен жүреді. Кейде бір текше метр судан 60 мыңы бірақ шығады. Бүкір киттер осы жерлерден ұзамай криль жеп, май жинайды. Осының арқасында олардың саны еселеп артуда.

Жылы су мен жылы ауа «мүсіндеген» айсберг. «Су астындағы негізі ерігеннен кейін, қар суы қапталдарымен ағып, теңіздің жылы суы ішке қарай тартылған. Үсті еруімен айсберг жарқыл түске еніп, су бетіне шыққан», – дейді гляциолог Ричард Аллей.

Бірнеше жыл бұрын мұзжарғыш зерттеу кемесі ауларға тап болады. Ол теңіз мұзы астында тіршілік ететін сардина тәріздес майлы тарпон балығына арналған еді. Батыс түбектен тыс аймақта көп кезігетін бұл балықтар адели пингвиндері қорегінің жартысын құрайды. Алайда Оңтүстік Флорида университетінде істейтін Джозеф Торрес басқарған топ Анверс пен Ринауд аралдары айналасын күні-түні қанша кезсе де, бірде-бір тарпон таба алмады. Себебі теңіз мұзы ең ірі масштабта еріп кеткен аймақта балықтың бұл түрі жоғалуға шақ қалған. Ал ғалымдар бір тарпонның калориялық құны жиырма крильге тең болса да, пингвиндердің крильді көбірек аулай бастағанын байқайды.

Болашақта қорек ретінде крильдер саны жеткілікті бола ма? Ол – тек пингвиндер мен бүкір киттердің ғана емес, сондай-ақ қаратұмсық, кальмар мен итбалықтың да азығы. Леопард итбалығы да кейде крильді талғажау етеді. Көк киттер күніне тіпті миллиондап жұтады. Ал криль жемейтін жануарлар көбіне оны жейтіндермен қоректенеді. Антарктика майлы крильдерді «жақсы» көреді. Адамдар да.

1960 жылдары потенциалды теңіз өнімдерінің көзін тапқан Кеңес теңіз флоты континентті айналсоқтай бастады. Бүгінде Норвегия, Оңтүстік Корея, Қытай, Чили мен Украинадан келетін оннан астам кеме тек криль аулаумен айналысады. Ауланған крильдер «Омега-3» таблеткаларын, криль майынан жасалатын сағыздарды өндіруге және қолда өсірілетін ақсеркелерге жем ретінде пайдаланылады. Украинада тазаланған крильдерді сардина балықтары сияқты қаңылтыр құтыларда сатады. Кейде криль теңізде жүрген үлкен траулерлерде қайнатылып, құрғатылып, кейін ұнтаққа айналдырып өңделеді.

Теңізде өткен бір айдай уақыттан кейін ақыры Оңтүстік Шетланд аралдарынан тысқары Брансфилд бұғазында олардың біреуін көрдік. Құйрық жағынан тақалғанымызда Long Da атаулы 101 метрлік Қытайдың орта тереңдікке жүзетін траулер-зауыт кемесі дүлей желмен тербеліп тұрды. Кеменің ауы суға тасталған. Кемедегі балықшылар оны тартқан сайын аудың жасыл ілмектері соғылысып, миллиондаған крильді шығарып жатты.

Әзірге Антарктика айналасында криль қоры мол. Траулерлер мұндағы крильдердің болмашы бір бөлігін ғана аулайды. Балық кәсіпшілігі 24 ел мен Еуроодақ құрған Антарктиканың теңіздегі тірі ресурстарын қорғау комиссиясының (АТТРҚК) қатаң қадағалауында. Бірақ криль популяциясы маусымына қарай құбылмалы және зерттеушілер жаһандық жылыну мен мұздың азаюы оларға қалай тез не ықпалды әсер ететінін айта алмайды. «Біз олардың қорын өлшеп, санын білуіміз мүмкін болып көрінгенімен, іс жүзінде олай емес», – дейді АҚШ Мұхит пен атмосфераны зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасының балық кәсіпшілігі бөлімінде істейтін Кристиан Рейсс.

Көптеген сарапшы криль аулайтын кемелер басқа жануарлар үшін аса маңызды, көбею аумақтарындағы крильдерді аулап, құртып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді. 2017 жылы АҚШ-та ғалымдар тобы мәселені шорт кесіп айтты. «Криль аулау көбіне климат өзгеріске ұшыраған кезде көптеген жануардың аман қалуына тікелей ықпалы бар жерде, яғни батыс түбекте орын алуда. Өкінішке қарай, бұл – жыртқыштардың да ең тығыз орналасқан жері, екеуі де бір жерде», – дейді Фрейдландер.

Көк киттердің сүйектері түбек жағалауында әлі жатыр, бұл – адамдардың табиғатты қалайша тез жұтаңдата алатындығының айқын көрінісі. Көбіне осы жағалау аймақтарындағы бір ғасырдан астам уақытқа созылған кит аулау кәсіпшілігінен кейін көк кит популяциясының 5 пайызы ғана қалған.

2017 жылы Чили мен Аргентина АТТРҚК-ға түбектің батысы мен солтүстігінде мыңдаған шаршы шақырым аумақта криль аулауға шектеу енгізуін ұсынды. Осы жаздың өзінде экологиялық топтар мен әлемдегі ең ірі криль аулайтын биотехнологиялық Норвегия компаниясы Aker Bio Marine криль кәсіпшілігіндегі тараптарды келесі жылы пингвиндердің көбею аймақтары маңында криль ауламауға көндірді. 2020 жылдан бастап бұл компаниялар пингвиндер үйірінен жыл бойына кемінде отыз шақырым қашықтықты сақтайтындарын айтуда.

Hans Hansson кемесінде келе жатып, кешкісін Понсет картадан бір кездері көбелек ауымен криль қуалаған жерлерін көрсетті. «Бала кезімде олар құрлықта да өріп жүретін, – деп есіне алды ол, – мотор крильмен бітеліп қалғанда қызып кететін». Ал бүгін оларды сол жерлерден мүлде көрмейсіз.

Ғалымдар Понсеттің көпжылдық тәжірибесіне құрметпен қарайды. «Бұл – өзіндік бір дәстүрлі білім», – дейді Бернард. Антарктика әлдебір белгісіздікке қарай құлдырап бара жатыр, ал ғылыми деректер әлі де жоқтың қасы.

Биыл Понсет кемесін сатып жіберді. Ол серіктесі әрі тәжірибелі капитан Джульет Неннекуин екеуі әбден шаршағандарын айтады әрі көптеген келушінің жоғалып бара жатқан аймақ қазынасына қалыпты нәрсе ретінде қарайтынына таңданысын жасырмайды. Бұл жерлер адам танымастай өзгеріп бара жатыр. «Қазіргі ахуалға қарасам бала кезімдегі Антарктика түбегінің көбі жойылғанын көремін. Оның келешегім мені қатты алаңдатады», – дейді ол.

Авторы: Крейг Велч, фото: Пол Никлен, Кристина Миттермейер және Кейт Ладзински


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля