Кесіртке – жұмырбасты кесірткелер отрядына жатқызылады. Денесі қабыршақтанған ондай кесірткелер жер бетіндегі Антрактидан басқа барлық континетте мекендейді. Бұл жәндіктің 20 тұқымдасқа, 350 туысқа бірігетін 4 мыңнан астам түрі бар. Ал, Қазақстанда оның 6 тұқымдасы (жармасқы, ешкіемер, кесел, ұршықсап, жабысқақ, кәдімгі кесіртке) кең таралған. Ел аумағында жиі кездесетін бат-бат кесірткесі негізінен Каспий теңізі мен Алакөл арасындағы шөлді аймақтарда тіршілік етеді.
Кесірткелердің көп түрі жерде жүретін болса, арасында бұтаға өрмейлейтіндері де, құмға батып кететіндері де бар. Солардың бірі – бат-бат кесірткесі.
Бат-бат кесірткесі денесінің ұзындығы 20 см, ал салмағы 43 гр. дейін барады. Артқа қарай ширатылған құйрығы түбінен ұшына қарай жіңішке, ұшы қара түсті келеді. Түсі тұтастай ашық сұрғылт, бауыры ақшыл түсті, алқымында қара жолақ болады. Бірінші нұсқада ол өзіне қауіп төнген сәтте тез арада «құмға сіңіп» кететіндіктен «бат-бат» деп аталып кетсе, екінші нұсқада оның терілі қатпарлары қатты керіліп, құлаққа ұқсап қалатындықтан «құлақты кесіртке» деп те атайды.
Кесірткелер – ауыл шаруашылығына зиянды шыбын-шіркей, жәндіктермен қоректеніп, диһандарға зор пайдасын тигізеді. Алайда олардың арасында әсіресе малға аса қауіпті ауру түрлерін жұқтыратындары да бар. Жәндіктің бұл түрлі жыл өткен сайын азайып бара жатуына байланысты Халықаралық табиғатты қорғау одағы мен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Фото: Дмитрий Ругис