Тауыс құсы (павлин) – жер бетіндегі ең әдемі құстардың көшін бастап тұр. Ол туралы талай рет айтылып та, жазылып та жүр. Ал осы құстың неге ерекше әдемі болып көрінетінін зерттеп көрген Қытайдың FUDAN университетінің ғалымдары «бар гәп құстың бойындағы пигменттер мен бояулардың құрылымында» деп жазған.
Олардың жазуынша, тауыстың денесінде тек өзіне ғана тән бояу шығаратын қосымша ағзасы бар. Оның қауырсындары көк, ашық көк, жасыл, күлгін, алтын түсті сары, қоңыр және қызғылт болып сан түске боялатындығы сондықтан. «Ал қауырсын бойындағы жан-жаққа тармақталатын «бұтақшалардың» әрқайсысы кристал құрылымдарынан, меланин мен кератин ақуызынан құралған», – дейді олар.
Ол құсты басқа құстардан ерекшелеп, тартымды ететіні оның алып желдеткіш секілді қанаттары м ен жамбас тұсында орналасқан қауырсыны болса керек. Кейбір тауыстың қауырсыны 2 метрге дейін жетсе, дене тұрқы 100-125 сантиметрден биік болады.
Қырғауыл тұқымдасына жататын тауыс құсы жауын жауар алдында немесе қатердің төнгенін сезген бойда мысықтың дауысына салып, сақтық шараларын жасайды.
Тауыс құсы алғаш рет Үндістанда қолға үйретілген екен. Қазір осы елдің нышаны, әрі символы іспетті.
Фото: Біләл Арслан