Қазақтар «керқұлан» дейтін Пржевальский жылқысы – біздің заманымызға дейін сақталып қалған жабайы жылқылардың тұқымдасына жатқызылады. Ертеректе бұл жануар Тянь-Шань тауларының Қазақстанға тиесілі бөлігінде, Іле мен Қаратал өзендерінің аралығында және Ертіс өңірінде өмір сүргендігі жөнінде де тарихи деректер бар. Ол жануар сондай-ақ Қытай жерінің Шығыс аймақтары мен Алтай тауларының Моңғолияға қарайтын бөлігін жайлаған. Кейінгі 50 жылда түрлі себептерге байланысты табиғи аумағынан жойылып кеткен бұл жануар Халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының қорғауына алынған. Оларды қазір Еуропа мен Азиядағы кейбір елдердің зообақтары мен табиғи қорықтарынан ғана кездестіруге болады. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар.
Еліміздегі «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы Еділ Қуаныштың айтуынша, Алтынемелдегі алғашқы үш бас керқұлан 2003 жылы Германиядағы зообақтардың бірінен әкелінген. «Қазір олардың саны 12-ге жетіп отыр. Құрқұлан айғырының мықтылығы сол, ол – құлындарын ешқашан қасқырға да, басқаға да алдырмаған», – деді ол.
Оның дене тұрқы 230 сантиметрге, ал салмағы 300 килограммға дейін барады. Денесін толықтай қызыл-сары түк басқан, жон арқасында ұзыннан созылған жіңішке түкті белдік тәрізді қарақошқыл жолағы болады. Керқұланды 1878 жылы Орталық Азияға жасаған сапары кезінде Н.М. Пржевальский деген ғалым Қытайдағы Жоңғарияның шөлді аймағынан кездестіріп қалып, терісі мен бас сүйегін Ресейге алып барады. Сол кезде ол жылқының қаңқасын зертханадан тексеруден өткізген орыс ғалымы И.С. Поляков мұның жабайы жылқының жеке түрі екенін анықтайды. Міне содан бері ол жылқы ғалым Н.М. Пржевальскийдің құрметіне «Пржевальский жылқысы» деп аталады.
Фото: Ерболат Шадрахов