Маңғыстауда ғажайып бір жер бар. Ол – Тамшылы шатқалы. Оның ғажайып болатын себебі мынада. Есте жоқ ескі заманда Үстірттің үстіндегі ені 150, ал ұзындығы 500 метрдей аумақ жер астына ойылып түсіп кеткен сияқты. Соның нәтижесінде мұнда бір жағы биік керегетаспен түйықталған кеуек үңгір пайда болыпты. Осы арада егер шаңырағы мен уығы жоқ демесеңіз оның кәдімгі киіз үйден аумайтынын да айта кеткен жөн.
Тамшылының осы көрінісінің өзі бір керемет! Содан кейін, иә, содан кейін аспан астындағы табиғи киіз үй – төбесі ашық бұл үңгірдің көрген жанды ерекше таңғалдыратын тағы бір қасиеті бар. Ол оның төріндегі қабырғаның өн бойынан шып-шып шығып, төмен қарай саулап ағып тұрған мың сан мөлдір тамшылар. Шатқалды түйықтайтын қыртыс-қыртыс қабаттарға бұл су қайдан келіп тұр, ол енді түсініксіз, жұмбақ, құпия құбылыс. Бүкіл қабырға мөлт-мөлт ете терлеп, кей жерлері тіпті қала гүлзарларындағы фонтан-бұрқақтың түтігі сияқты мұздай тамшыларды төңірегіне дызылдата бүркіп түр.
Қабырғадан төмен қарай саулаған сол мың сан тамшылар шатқалдың етегіне жиналады. Жиналып кішкене тұма бұлаққа айналады. Содан соң сайды куалай ағып, оның аузына келгенде қолдан жасалған тоспаға бөгеледі. Сөйтіп, осы тоспа Үстірттегі малшы қауымын ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Дәл осындай құбылыс Маңғыстаудан басқа тағы қай жерде бар дейсіз ғой? Алматы облысының Қапал селосындағы сайда айна-қатесі жоқ Тамшыбұлақ қайталанып тұр. Ол да үстірт үстіндегідей төңірегіне мың сан мөлдір тамшыларды бүркіп, өзінің құпия тіршілігімен өмір сүруде. Суы мұздай ғажайып тұманың сырын кім ашады? Жауабы жоқ жұмбақ бұл…
Авторы: Жанболат Аупбаев
Фото: Андрей Астафьев