..."/>
ЕЛІМ МЕНІҢ – ЕРТЕГІ

Дала төсіндегі оазис

Талды қала еліміздегі барша облыс орталықтары ішінде көше тазалығы, адамдардың өмір сүруіне жайлылығы, экология жағынан қолайлығы, һәм әсемдігі жағынан оқбойы озық тұр.

Жер жаннаты – Жетісудың дәл ортасында орналасқан Талдықорған қаласының соңғы 5-6 жылдағы даму қарқыны адам таңқаларлықтай деңгейге жетіп отыр. Осыған байланысты түрлі сала мамандары арасында осынау бір шаһардың тарихын тереңірек зерттеуге және жан-жақты тануға қызығушылық танытқандар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – археолог Михайл Антонов. Ол 2019 жылдың жазында қаланың солтүстік-шығыс беткейіндегі тау-тастарды аралап жүріп, балшыққа темірдің татын қосып илегенде пайда болатын жоса бояуымен салынған арбаның дөңгелегі мен аттың кескіні салынған суреттерді тапқанын Алты алашқа жар сала жариялаған болатын. «Бұл бейнелердің мыңдаған жылдар бойы сақталып қалуына күннің көзі, жел мен жауын-шашын тимейтін үңгір тәріздес жартастардың теріскей бетте салынуының әсері зор болған», – дейді археолог Михайл Антонов. Егер мұқият қарасақ, суреттермен бірге жазу таңбаларының да қашалып салынғанын байқауға болады».

Ал егер де ғалымдар бұл жаңалықты мақұлдап, ғылыми тұрғыда дәлелдеп берер болса, ертеректе «Екі оғыз», «Талды» деп аталып келген қала тарихын қазақстандық тарихшылар айтып жүргендей 1200 жыл емес, одан әрірекке, нақтырақ айтқанда, 4000 жылға дейін шегеруге мүмкіндік туады.

Михайл Антоновтың айтуынша, жалпы қаланы айнала қоршап жатқан жоталар мен тауларда петроглиф, көне ескерткіштер, қорғандар мен қоныс­тар жүздеп саналады. Ал сол жерлердегі тастардан ашатұяқты жабайы аңдарды, жыртқыштар, құстармен қатар пілдердің бейнесін, сондай-ақ әр кезеңдерде өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертер көріністерді де көруге болады. «Осыған қарап-ақ бұл аймақтың тарихы біз ойлағаннан да тереңде жатқандығын аңғару қиын емес. Ал үш мың жыл бұрын жерленген кісі сүйектерінің табылғандығы соны дәлелдей түседі», – деді ол.

Талдықорған дегенде оның даңқын шығарып, өзге шаһарлардан өзгешелеп тұрған тағы бір нәрсе ол – оның өзендері. Атап айтқанда, қаланың батысындағы Көксу, шығысындағы Балықты және орта тұсымен ағып өтетін Қаратал өзені қаланың көркіне көрік қосып тұр.

Ал енді жасыл желекке оранған Талдықорғанның бүгінгісіне оралсақ. Әсем шаһар жыл сайын бой түзеп, алыс­тан менмұндалаған ғимараттарымен айшықталуда. Қайта өмірге келгендей жасарып, жаңарған қалада заманға лайықты мекемелер бірінен соң бірі бой көтеріп, жаңа ғимараттардың саны көбеюде.

Бикен Римова атындағы драма театрдың жаңа ғимаратының ашылуында сөз алған ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов былай деген еді:

– Құрметті достар, бүгін біз үшін қос мереке. Жетісу астанасында осындай тамаша театрдың ашылуы және Орталық Азия елдерінің VII Халықаралық театр фестивалінің басталуы. Театр мен кино күн сайын дамып келеді, мұның бәрі сіздер үшін, халық үшін. Драмалық театрға ең бастысы-көрермендердің танымы мен махаббатын тілеймін!

2018 жылы бой көтерген бұндай театр еліміздегі басқа бірде-бір облыс орталығында жоқ. Екі қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр. Көрермен орны 510 адамға лайықталған. Ал ондағы техника түрлері заман талаптарына сай жарақтандырылған.

Осы күні бұл қалада кез келген адамның қай салада болмасын өніп-өсіп, дамуына да, өркендеуіне де қажетті дүниенің барлығы бар.

Кейінгі жылдары қалада әсіресе халық игілігіне берілген әлеуметтік және спорттық нысандар, мәдени ошақтар, демалыс орындарынан бөлек бүтін ықшамаудандар да бой түзеп келеді. Соның арқасында мыңдаған отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болса, өскелең ұрпақтың түрлі бағытта өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасалуда.

Талдықорған қаласының «Береке» шағын ауданындағы коттедж қалашығы.

2001 жылы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылынан көшіп келген Испанова Шапура қалада ұзақ жылдар пәтер жалдап тұрған. «Абырой болғанда зейнетке шыққан бойда жеке баспанама ие болдым. Әрине бұл істе облыс басшыларына айтар алғысым шексіз. Еліміз осындай қарқынмен дамып, жеріміз көркейе берсін!», – деп өз қуанышымен бөлісті Шапура Асанқызы.

Авторы: Дәурен Құдайберген

Фото: Екпін Хасенжан, Серік Мұқыш, Жеңіс Ысқабай

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля