Алаша хан (кей деректерде Алаш хан) – халық аңызы бойынша «Алты алашты» құраған тайпалардың түп атасы. Қазақ шежіресінде Алаша ханның шыққан тегі қарапайым кісі болған делінеді. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын ең көне аңыздарда кездеседі. Сондықтан кейбір ежелгі деректерде «Алаш» этнонимінің шығуы осы Алаша хан атымен байланыстырылады. Оның есімі IX ғасырдың туындысы «Қорқыт» дастанында айтылады. Орта ғасыр мұраларындағы Алаша хан — XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар — көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Әбілғазы шежіресінде Алаша ханның әкесі Көк хан болғандығы, ұрпақтарының бірінің есімі Қара хан, ал немересі — оғыздардың түп атасы — Оғыз хан аталғандығы жазылады. Рашид әд-Дин мен Әбілғазы Алаша ханның өмір сүрген жері — Дешті Қыпшақтың орталық бөлігі деп көрсетеді. Бұл тарихи деректер ел аузындағы Алаша хан ордасы Ұлытау төңірегінде болған деген тұжырыммен ұштасады.
Ұлытау өңіріндегі «Алаша хан ордасы» аталатын үлкен сарай-қамалдың қалдығы (Жаңғабыл өзенінің бойында) және Қаракеңгір өзенінің жағасындағы «Алаша хан күмбезі» аталатын X-XI ғасырларда салынған ғимарат әлі күнге дейін сақталған.
Фото: Ерболат Шадрахов