Тотықұстардың естілігі үш жастағы баланың деңгейіне дейін жетіп, 80 жыл өмір сүреді, ән салады, билейді, бізді қайталап жүріп жүрегімізді жаулап алады. Танымалдығы басына сор болып бітті.
Умгени өзені бойындағы құстар бағында әртүрлі құстардың ән салғанын естуге болады. Примадонна ма? Ол – Молли деп аталатын тотықұс. Көктұмсықты амазон ән салу қабілетін бұрынғы иесінен үйренген. Осы зообақтағы және Оңтүстік Африкадағы Дурбан орталығындағы тотықұстардың басым көпшілігі – қолдан қайтқандар. Машақаты көп құс асырау ісі кейбір адамдарды олардан бас тартуға итермелеген. Себебі тотықұстар мазасыз, тынымсыз және жыбырлақ келеді. Одан бөлек, кейбірінің ойлау деңгейі үш жасар баланікіндей болса, ал енді бірі 80 жасқа дейін өмір сүреді.
Соған қарамастан, «құс ішіндегі адамдар» деп аталатын тотықұстарды асырауға үндеу оңай емес. Қабілеті жоғары және ақылды құстар өздерінің қожайындарымен мәнді де терең байланыс орната алады. Тотықұстардың адам дауысын сала алатыны олардың Жер шарындағы ең танымал асыранды құс атануы кездейсоқтық емес екенін түсінесіз.
Алайда кей жағдайда олардың танымалдығы өздеріне зиян болып тиеді. Әлем бойынша жүйелі өсіру бағдарламаларының болғанына қарамастан, көптеген тотықұс табиғаттан әлі де заңсыз жолмен ауланады. Себеп біреу: піл және мүйізтұмсық секілді жануарларды жөнелту арқылы миллиардтаған доллар тауып отырған ұйымдасқан қылмыстық топтар тотықұстарды да өздерінің «репертуарына» қосып алған. Аустралиялық қара какадулардың қара нарықтағы біреуінің құны 30 000 долларға дейін жетеді екен. Тотықұсты заңсыз саудалау Латын Америкасы және Кариб аралдарында кең таралған, мұнда оған қарсы қолданылатын заң қауқарсыз, не болмаса олардың орындалуы нашар.
«Егер АҚШ-та тотықұс сатып алуға шешім қабылдасаңыз, оның торда өсірілгенінің ықтималдығы – 99 пайыз, – дейді Техас ауыл шаруашылығы университетінің зоологі Дональд Брайтсмит. – Ал Перу, Коста-Рика мен Мексикада оның табиғаттан ұсталынып алынғандығына 99 пайыз сенімді болыңыз».
Тотықұстардың қауіпті жағдайға тап болуына құс асырауға деген сұраныс, ормандардың оталуы мен өмір сүретін аймақтарының тарылуы айтарлықтай әсер етіп отыр. Шамамен 350 түрлі құстың төртеуінен басқасының жоғалу қауіпі жоғары болғандықтан олар Халықаралық сату конвенциясы (CITES) қорғауына алынған.
Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие түрі тынымсыз сөйлейтін Африканың сұр тотықұсы екені сөзсіз. CITES-ке сүйенсек, кейінгі қырық жылда кемінде 1,3 миллион сұр тотықұс өздері мекен ететін 18 елден заңды түрде экспортталған екен және жүз мыңдағаны жолда өлген.
Оңтүстік Африка, басқа елдерге қарағанда, Африканың сұр тотықұстарын көбірек экспорттайды. Бұрын сұраныстың басым бөлігі АҚШ пен Еуропадан келетін, бірақ құс тұмауы мен құс саудасын заңмен салынған тыйым ондағы нарықтың жолын кесті. Қазір оның орнын Таяу Шығыс елдері толтыруда. Оңтүстік Африка елдері 2016 жылы бұл аймаққа мыңдаған сұр тотықұсты жөнелткен.
Сол жылы CITES сұр тотықұстарды «Қосымша 1»-ге, яғни жойылып кету қаупі бар түрлерді қамтитын белгіге қосу жөніндегі екіжақты шешім қабылдады. Тотықұстарды шетелдерде сатумен айналысатын құсшылар CITES-тің қадағалаушыларына Африканың сұр тотықұстары табиғаттан ұсталынбағанын, керісінше торда өсірілгенін дәлелдеуі керек. Көп жағдайда торда туған балапандардың аяқтарына тұрақты куәлік сақиналары тағылады. Заңсыз саудалаушылар жабайы құсқа сақинаны кигізудің жолын табуы мүмкін, сондықтан тормен еркіндікте өмір сүрген құсты анықтау оңай емес. Алайда бұдан шығатын жол да бар.
Оңтүстік Африкадағы КуаЗулу-Натал университетінің генетиктері құсты табиғатта не торда өскенін дербес генетикалық пішініне үңілу арқылы анықтайтын гендік тәсілге үміт артып отыр. Мұндай ДНҚ жұмысы құсшыға, сатып алушыға не әуежай инспекторына құстан сынама алып, сол сәтте оның тегін анықтауға мүмкіндік береді.
Ұқсас тәсілдің тағы бірі – тотықұстың қанатындағы химиялық изотоптарды тексеріп, олардың тамақтану дәстүрін анықтайды.
Кейінгі кездегі тотықұстарға қатысты жағымды оқиға: бұған дейін CITES-тің шектеулерінен бас тартып келген елдер – Сауд Арабиясы мен Біріккен араб әмірліктері бұдан былай табиғаттан ұсталған сұр тотықұстарды импорттамайтынын мәлімдеді.
Автор: Кристин Дэлл Аморе, фото: Джоел Сарторе
Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationa