..."/>
ТАБИҒАТ

Ресей бүккен қазына

Чукот теңізіндегі Врангель аралында бұғы мүйіздерінің арасынан көлбеңдеген арктикалық түлкішек күн сәулесіне қыздырынып тұр. «Врангель» – Ресейдегі қатаң қорғалатын 105 қорықтың бірі. Онда адамдардың кіріп-шығуы жіті қадағаланады.

Ресейде бұрын-соңды адам аяғы баспаған 34,6 миллион гектар жер.

Ресейдің тұмса табиғатты қаз қалпында сақтауының сыры ол жерлерге адам жолатпауында болып отыр.

Ресейдің табиғатты қорғау ұстанымы адамдарды тұмса табиғаттан ғасырлар бойы аулақ ұстаумен шектелген. Олардың кейбіреулері тым шалғайда орналасқаны соншалық, ол жаққа аяқ басқан адам саны бірен-саран.

Дулисмар өзені Путорана қорығына таяғанда қата бастайды. Ол солтүстік ормандардан мұзды шөлдерге дейін созылып жатыр.

1917 жылы Ресейдің соңғы патшасы Николай II тақтан қуылардан бірнеше ай бұрын Сібірдегі Байкал көлі маңынан елдегі алғашқы «қатаң табиғи қорықты» ашқан. Көп ұзамай большевиктер оған өлім жазасын кеседі. Николай II өзі ашқан қорықтың арқасында баргузин бұлғынын сақтап қалғанын біле алмай кетті. Патша отбасында терісі жоғары бағаланатын бұл жануарды «жұмсақ алтын» деп атаған.

Григорий Кожевников секілді табиғат жанашырлары тұмса табиғаттың кіршіксіз зертханалары ретінде Ресейдің жаңа қорықтарынан адамдарды аулақ ұстауға тырысып бақты. Ол: «Ештеңені қозғаудың, қосудың немесе жетілдірудің қажеті жоқ. Табиғатты өз бетімен қалдырып, жай ғана бақылау керек», – деп өз уәжін білдірген.

Камчатка түбегінде орналасқан Ключев ұлттық саябағындағы Плоский Толбачик жанартауының қарлы шыңында лавалар ағыны түйіседі.

Бүгінде Ресейде 70,3 миллион гектар федералды қорғалатын жер телімі сақталып қалды. 105 қорықтың үлесінде Табиғатты қорғау халықаралық ұйымының «Ia» категориясына кіретін, халықаралық талаптарына сай келетін 34,6 миллион гектар жер бар. Қорықта адамдардың жүріп-тұруы шектеліп, жіті бақылауға алынған.

Ортадағы саңылаудан жоғары көтерілетін көл суы балдырға боялған қар мен Лама көліндегі мұздың бетінде жарқырайды. «Осынау адам аяғы жете бермейтін аймаққа көктем келгенде су нағыз суретшіге айналады», – дейді Сергей Горшков. Бедерленген аймақтың ұзындығы шамамен – 9 метр.

Сергей Горшков осынау жабайы табиғатты жиырма жыл бойы суретке түсіріп келген. Ол сирек кездесетін жанартау атқылауын, адамзатқа белгісіз жануарлар әлемін, адам аяғы баспаған Арктикалық су жолдарының маусымдық еруін суретке түсіріп отырған. Оның жұмыстарынан біз табиғаттың өз бетімен қалғандағы әдемі келбетін көреміз.

Путорана қорығындағы Кандин сарқырамасы Путорана таулы қыратының төменгі шатқалына қарай 208 метр биіктіктен құлай ағып жатыр. Еуразия бұланы, қасқыр, құну, алып мүйізді путорана қойы, қоңыр аюмен қоса, солтүстік бұғысының қоныс аудару жолдары қорықтың ортасын кесіп өтеді.

Ресейдің Арктикалық ұлттық саябағындағы Франц-Йосиф архипелагі үстінде аспан түнеріп тұр.

Авторы: Ив Конант, фото: Сергей Горшков


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля