..."/>
ТАБИҒАТ

Айғайқұм – Тәңірдің бізге тартқан сыйы ғой!

Алтынемелдегі осы құмды төбеге қашан, қай уақытта келсеңіз де ондағы өзгермейтін бір нәрсені көріп таңданасыз. Таңғаласыз. Ол бұл жерде қаншалықты боран соғып, дауыл тұрса да мұндағы тау болып үйілген құмның жан-жаққа шашырап кетпей, жинақы жататындығы. Содан соң ауа райының жел, құйын сияқты қандай да бір әсері болмасын, жота үстіндегі ұзыннан ұзақ созылған пышақ қырындай жалдың өз болмыс-бітімін ешқашан жоғалтпайтындығы. Ал осындағы елгезерден өткізгендей етіп табиғат-ананың сұрыптаған біркелкі құм түйіршіктері ше? Алтындай жарқыраған соның құдіреті шығар, сөз етіп отырған төбеге шығып, етекке қайта түскендегі адам ізі сәлден соң жоқ болады. Сөйтіп Айғайқұм бұрынғы момақан, тылсым, жұмбақ күйіне қайта оралады.

…Бұл жолы да ол бізді осын­дай келбет-көрінісімен қарсы алды. Ұзындығы 2020, ені 551, биіктігі 182 метрлік құм­­ды жота өзі ор­наласқан аңғардағы тақырда оқшау тұр. Төңі­регінде шашау шыққан еш­теңе жоқ. Қыздың жиған жү­гіндей жинақы. Таза.

– Бұл құмды төбенің гүріл­деп, дүрілдейтіні қайда? Жота­ның ән салып, дыбыс шы­ғарады дегені не сөз? – деді жүр­­гізу­ші жігітіміз Думан Мұхамеджанов.

– Ол үшін мына қырдың күн­гей бетіне көтерілу керек. Содан соң бері қарай жүргенде не болатынын өзің көресің, – дедім мен оған 1984 және 2004 жылдардағы өз басымнан өткерген оқиғаны есіме алып.

Бұған онша түсінбеген сері­гім артына жалтақ-жалтақ қарап қойып, Айғайқұмның орта тұсындағы текшеге қарай бет алды. 80-90 метр өрлеп барған соң сәл демалып, тө­менге түсуге ыңғайланды. Сол кезде, яғни етекке қарай 5-6 адым аттағанда аңғарды жаң­ғырықтырған гуіл бастал­ды дейсіз. Бір қызығы, оқыс шыққан үннен секем алған Думан беткейде сәл-пәл кідіріс жасап еді, дыбыс та тоқтай қал­ды. Қозғала бергенде гүрілдеп, дүрілдеген дауыс қайта пайда болды.

– Бұл не жұмбақ? – деді етек­ке түсіп, есін жиған сері­гім. – Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

Мен оған жауап ретінде П.И.Ма­риковский деген ғалым­ның болжамын айттым. Өмір бойы Алматыда тұрып, Жетісу жерін талмай зерттеген биология ғылымдарының докторы Павел Иуистинович Айғайқұмдағы құпия дыбыс­тар туралы кезінде былай деген болатын. «Бұл жотаның дыбыс шығару себептері жө­нінде көптеген жорамалдар бар. Со­лар­дың дені боранды, дауылды күндері құм қозғалғанда, одан сықырлаған үн шықпай қоймайды дегенге саяды. Бірақ жай кездің өзін­де шағылға аяқ басқан адам мен жан-жануарлар қи­мылы әсерінен оның неге гуілдейтінін ешқайсысы түсін­­діре алмайды. Меніңше бұл былай. Құм төбелердің қай-қай­сысының да төменгі қа­баттары дымқылданып жатады. Мұндай ылғал тіпті онша тереңде де болмайды. Көктемгі жауындардан кейін және күз­дігүні әлгі қабаттар жоғарыдағы құрғақ құммен араласады. Бұл жағдайда құм төбеден еш­қандай үн шық­пайды. Жаз­дыгүні ыстықта құм­ның үстіңгі қабаттары әбден кеуіп, төменгі дымқыл қабаттан бөлін­гендей болады. Мұның өзі жоғарғы қабаттардағы ауаның алмасуы себепті ылғал қабаттардың неғұр­лым төмен түсуіне әкеп соғады. Құмның үсті түгел дер­­лік кепті дегеннің өзінде төменде, бәрібір ылғал қабат жатады. Бұл ретте құмның бет жағы әбден құрғап, астыңғы қа­баты біршама дымқылдануы, оның арғы жағында тағы да құрғақ құм желісі жатуы мүмкін. Құм төбелердің үстіңгі қабаты төмен қарай сусығанда оның төменгі қабаттарынан озып кетеді де, бұлардың бір-бірімен үйкелісуі онша қатты болмайды. Сол себепті мұндай құмның үсті бұйра толқынданып жатады. Осы жағдайларда құмның біршама төмен жатқан бөлігі сыртқа шығып қалады. Оның үстімен жылжыған құм музыка аспабына қол тигендей діріл шығарады. Бұл үн кең көлемде таралып күшейе келеді де, біз сөз етіп отырған төбе жаппай гуілдегендей болады.

Профессор П.И.Мариков­ский осылай десе, Санкт-Пе­тербург ғалымдары Я.Рыжко мен Б.Русинов құмның сансыз көп түйірлерінің бір-біріне үй­келуінен дыбыс шығады деп есептейді. Себебі құм түйір­ле­рінің сыртында кальций мен магний қосындыларының жұқа қабаты бар. Солардан шыққан үн скрипка ішегін үйкеген ысқы секілді дыбыс тудыратын сияқты. Сондай-ақ олар құмнан үн шығудың тағы бір себебі құм түйірлерінің аралығындағы ауа­ның қимыл-қозғалысына бай­ланысты деп пайымдайды. Жотадан құм сырғығанда оның ұсақ түйірлері арасындағы саңы­лаулар кейде азайып, кейде көбейеді екен. Ауа осы саңы­лауға бірде кіріп, бірде шығып жатады. Дыбыстың дірілдеп естілу сыры міне, осыдан деп ұғу керек. Бұл зерттеушілер пікірінде тағы мынадай түсінік бар. Құмның электрленуінен де дыбыс пайда болады екен. Үн шығаратын құм таудың ұсақ тас түйірлері бір-бірімен үйкелісу салдарынан әртекті электр зарядтарын тудырады. Сөйтіп бір-бірімен серпіліп қо­сылып, тағы да серпіліп қосы­лу әсерінен дыбыс шығып отырады.

– Міне, өзің қасында тұрған Айғайқұм жөнінде ғалымдар осындай пайымдаулар айтады, – дедім мен Думанға.

…Көлікке отырып, Бес­шатырды басып өтетін Іле жа­­ға­лауына беттеп келе жат­қанда ойымызға: «Айғай­құм­нан шы­ғатын әртүрлі дыбыстар… Мұндай құбылыс тек осы жерге ғана тән бе, жоқ ол әлемнің бас­қа түкпірлеріндегі шөлдерде де бар ма?» – деген сауал оралды. Бала күнімізде атақты жазушы Джек Лондонның «Үш жүрек» атты романын оқы­ғанымызда сондағы баяндалатын оқиғалардың бі­рінде кен іздеушілер Орта­лық Америкадағы далалы ай­маққа жеткенде, олардың табанындағы құм неше түрлі әнге басып қоя беретіні айтылатын. Одан секем алған адамдар жүрістерін тоқтата қойған кезде төңіректің басқа ұрған танадай тынши қалғанына куә болған. Жүргіншілер қайта қозғалғанда, құм тағы да әндете жөнелген.

Жазушы бұл детальды әдеби тұрғыда суреттегенімен, оны ойдан алып отырмағаны анық. Оған өзіміз жаңа ғана жанында болған Айғайқұм, ондағы текшеге көтеріліп, одан төмен түскен серігіміздің қимыл-қозғалысынан туған гуіл анық дәлел. Құдды Джек Лондон шығармасындағы сюжеттің көшірмесі дерсің. Көлік ішінде осыны еске алған біз: «Мұндай құбылысқа байланыс­ты интернет не дейді екен?» – деп іштей күбірлеген күйі ноутбукке үңілдік. Сөйт­сек…, әлем картасында жоға­рыдағы жағдайға ұқсас 3-4 жұмбақ құм төбелер бар болып шықты. Олар: Ауғанстандағы Рек-Раван деп аталатын «діріл­деуік қырат», Таяу Шы­ғыстың Синай түбегіндегі Джебель-Накунгтегі «дабыл жотасы» және Чилидің Копиано аңғарындағы Эль-Бармадор атты «ұлитын шоқы». Осы­лардың бәріне тән ортақ белгі – бұл құм­ды жоталардағы гуіл­дердің жел мен боран әсері, адам және жан-жануарлар қи­мы­лынан кейін ғана туып, ал жай уақытта тым-тырыс жата­тындығы.

Жер бетіндегі құм төбелер… Олардан шыққан әртүрлі үн мен дыбыстар… Қалай бол­ғанда да бұл өте қызық құбы­лыс. Осы ғажайыптың дүние жүзіндегі жоғарыда айтқан санаулы елдерден басқа өз атаме­кенімізде, туған еліміз – Қазақ жерінде тұрғаны бізді таңғалдырмай қоймайды. Содан да болар, табиғаттың осы қайталанбас құпиясына деген ын­тызарлығың артып: «Бұл Тәңірдің бізге тартқан сыйы ғой», деп қуанып, мақ­танасың. «Тәубе! – дейсің.

Автор: Жанболат Аупбаев, фото: Ерболат Шадрахов

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля