..."/>
ТАБИҒАТ

Дүрбелең

Туамоту архипелагінде орналасқан Факарава атоллындағы оңтүстік арнада рифтік сұр акулалардың балық аулап жүрген түні. Л.Баллестаның командасы су астына торсыз-қарусыз сүңгіді. Олардың санағы бойынша 700 акула байқалған.

Теңіз алабұғалары көбейетін және аш акулалар қоректенетін Франция Полинезиясындағы асау арнаның сирек көрінісі.

Франция Полинезиясындағы 60 шақырымға созылған тік бұрышты Факарава маржан аралының оңтүстік қиырында тар арна тосқауыл кедертасты кесіп өтеді. Жыл сайын маусым айында мыңдаған құбылғыш теңіз алабұғасы (Epinephelus polyphekadion) осы арнаға ұрпақ тарату үшін жиналады. Алты сағат сайын судың қуатты көтерілуі мен қайтуынан мүйіс бірде толып, бірде босайды. Етті-қоңды, ұзындығы шамамен 50 сантиметрлік теңіз алабұғаларын аңдитындар жоқ емес: мұнда жүздеген рифтік сұр акула оларды аулау үшін жиналған. Аналық теңіз алабұғалары санаулы күннің көбін уылдырық шашатын орында өткізеді. Жылдың басым бөлігінде жалғыз жүретін аталықтар кей себептерге байланысты балықтың бәрі жиналып, бұлтқа ұқсаған уылдырық пен ұрық суға шашылғанға дейін дәл осы жерден апталап кетпей қояды. Жергілікті тұрғындар уылдырық шашу ай толған кезде болатынын айтты.

Акулалардың негізгі қорегі – уылдырық шашу үшін жиналатын 17 000 камуфляжды теңіз алабұғасы. Судың қайтуы ұрықтанған жұмыртқаларды қайта теңізге әкетеді.

Өткен төрт жылда мен командаммен бірге осы таңғаларлық құпияға толы көріністі түсіріп, түсінуге тырыстық. Жалпы, 21 апта бойы біз күні-түні үш мыңға жуық сағат уақытты тереңдігі 35 метрлік арнада өткіздік. Бақылауымызды бастаған жылы, яғни 2014 жылы теңіз биологтері – Йоханн Моурье мен Антони Гильберт тұңғыш нақты санау жүргізді: арнада шамамен 17 000 теңіз алабұғасы мен 700 рифтік сұр акула байқалған (мұндағы балықтар биосфералық резерватпен қорғалған). Сол жылы мен толық 24 сағатқа созылған сүңгу миссиясын орындадым. Бұл бүкіл топтың техникалық қолдауын қажет етті. Мақсат – ұзақ уақыт бойы үзіліссіз, су астындағы балық тіршілігін зерттеу.

Алғашқы түні ымырт үйіріле шаянтектес­тер мен ұлуларды көрдім. Су алабұғаның ұйықтау үшін тері түсін өзгертіп, саңылауларда ғайып болғанына куәмін. Сондай-ақ акулалардың «тірілгенін» байқадым. Күндіз баяу жүзіп жүргенде ояу алабұға олар үшін тым жылдам болатын. Қазір түн қоюланғанда жүздеген акула теңіз түбін торуылдап жүр. Олардың жылдамдығын менсібеппін. Акула қимылы абыржытады: осы тәуліктік сүңгуде демалуымды қамтамасыз ететін газ қоспасы кесірінен қауіпсіз су бетіне қалаған уақытта көтеріле алмайтын едім. Тұңғиықта бұл жыртқыштармен бірге қалуға мәжбүр болдым.

Мұнда толқын 92 метрлік арна арқылы Тынық мұхитынан маржанды атоллмен қоршалып жатқан мүйіске қарай құйылады. Факарава жанартаулы аралдың айналасында түзілген.

Сол уақыттан бері мен үрейді жеңдім. Оның орнына делебем қозып, торсыз не шынжырлы кіреукесіз, тіпті шоқпарсыз акулалар үйіріне саяхатқа шығуға деген құмарлық оянды. Факаравадан мынадай нәрсені анықтадық: акулалар қасқырлар сияқты тобымен шабуылдайды, тек әріптестігі аздау.

Жалғыз акула, тіпті маужыраған теңіз алабұғасын да ұстауға әлі келмейтіндей ебедейсіз. Олар тобымен балықты тығылған жерінен айдап шығып, қоршап алуға бейім. Сосын оның парша-паршасын шығарады. Шабуылды түсіріп алдық, кейіннен ғана Янник Гентилдің секундына мың кадр түсіретін арнайы камераның арқасында акулалардың баяу кадрдағы қимылын көріп, таңдай қақтық.

Акулалар үшін адамдар – нысана емес, кедергі. Түнде сүңгігенде олар әрдайым бізге жақындайды. Баяу қозғалыстың өзі не жарықтың сәулесі олардың назарын аударады. Кейде олар көгертуге жеткілікті дәрежеде бізді сүзіп өтеді. Кейде «ашулы» акуланы транстың бір түріне түсіретіндей құйрығынан ұстап, кері айналдырып тыныштандырамыз.

Күндіз акулалар арнаны шайқап жатқан толысу ағысына қарсы бейбіт жүзіп жүреді. Олар теңіз алабұғалары су түбінде демалып, ұстауға оңайырақ кезде іске кіріседі.

Факараваға топтасқан кезінде, бәлкім, мыңдаған теңіз алабұғасы рифтік сұр акулаларға жем болады. Жарақат алатындары одан да көп. Түні бойғы сүңгуден кейінгі таңда тірі қалғандарынан құралған топты суретке түсірдім. Жарақаттар өте ауыр: қанаттары сынған, желбезектері жұлынып кеткен. Бірақ олар осындай қиын жағдайға мән бермегендей көрінеді. Аталықтар бір-біріне қайта-қайта бетпе-бет қарсы шығып, өздерінің ұрпақ тарату түйсігінің құлы ретінде күш көрсетіп, бәсекеге түседі.

Былтырғы, осыдан алдыңғы экспедициямызда ақыры мұның себебін түсіндіретін мәселенің мәнін таптық. Уылдырық шашылған күні бүкіл экожүйе өзгереді. Он мыңдаған майшабақ секілді цезинидтер қаптайды. Белі жұмыртқаға толы аналық алабұғаның түсі өзгеріп, аталықтар үстінен қарап жүреді. Арасында аталықтар төменге түсіп, аналықтың алдында саппен жүреді. Ол аналықтың белінен тістеп, уылдырық шашуға шақырғандай көрінеді.

Екі акула балықты тартқылап жатқанда олардың аузынан теңіз алабұғасы етінің бір жапырағы түсіп кетті. Теңіз алабұғаларын рифке тығылған жерінен қуып шығу үшін жұмылған акулалар кейін олжа үшін тартысады.

Кенеттен даңғыр-дұңғыр басталады. Айналамыздан ондаған не сол шамадағы теңіз алабұғасы аспанға атылады. Әр топ жалғыз аналықты қоршаған көптеген аталықтан тұрады. Акулалар да бұған қосылады, бірақ көбіне сәтсіздікке ұшырайды. Теңіз алабұғалары тым жылдам. Шағылысу көз ілеспес жылдамдықта өте шығады. Сондықтан не болғанын көре алмай қаламыз. Цезинидтер біздің алдымызды бөгеп, теңіз алабұғаларының жұмыртқалары мен ұрықтары көріне сала оларды жеу үшін тұра ұмтылады. Қалғаны бейберекет араласып, қуатты қайту ағысы арқылы теңізге қарай жөнеледі.

Бүкіл даңғаза көрініс бір сағатқа жетпей аяқталады. Себебін түсіне алмай таңғалдық. Аталық теңіз алабұғалары үшін не пайда сонда? Ақыр соңында аналықты өзіңе меншіктеп алмасаң, оның жұмыртқалары сенің ұрығыңмен қосылғанын білмесең, төрт апта бойы басқалармен айқасып, әр түнде акулаға жем болу қатеріне бас тігудің не бәсі бар? Бұл күш-қуатты босқа жұмсау секілді көрінеді, мұндайды табиғат та қолдай қоймас еді.

Кей балықтар құтылады: мына біреуі акула шабуылынан аман қалған. Баллестаның командасы Факаравадағы мұндай қантөгісті көп көрді.

Тағы да Гентил дәл уақытында дұрыс жерден табылды. Оның камерасы бір секундқа созылған шағылысқан сәтті түсіріп үлгеріпті. Баяу кадрда бәрі анықталды. Аналықпен шағылысу құқығына ие болған аталық оны ұрықтандыра бастады. Ол денесін барынша жақындатуға тырысады. Басқа аталықтар осы жұптың айналасына үйіріліп алған. Төрт апталық қызуқанды айқастан кейін басымдыққа ие болған аталықтың әрең қол жеткізген сыйлығы – шептің алғы жағында болу, яғни оған өз генін таратудың жақсы мүмкіндігі туады.

Жергілікті тұрғындар рас айтыпты: мұның бәрі ай толған кезде болды. Ұйықтап жатқан алабұғалармен бірге күтіп жатқанымда ай  сәулесінің баяу ғайып болғанын көрдім. Сол сәтте, бәлкім, бірнеше километр қашықтан киттердің «ән салғанын» естідім. Дымқыл киім ішінен қаншылықты дене тітіркенетінін білмедім, бірақ менің денем шымырлағандай сезілді. Киттердің кімге дыбыс бергенін кім білсін. Білетінім бір-ақ нәрсе: биылғы жылдың маусым айында Факараваға қайта баратынымыз анық.

Рифтік сұр акула қысқа тұмсықты сытқыны талғажау етуде. Алабұғаны олар бүтіндей жұта алмағандықтан парша-паршасын шығарады. Алайда теңіз алабұғалары үшін Факараваның орны бөлек. Ағысы арнаға шашылған ұрпағын алысқа алып кетеді.

Мақала мен фото авторы: Лоран Баллеста


Мақаланың толық нұсқасы мен әлемдік зерттеулердің қайнар көзіне қол жеткізгіңіз келсе, shopnationalgeographic.kz арқылы онлайн жазылыңыз.

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля