Біздің жақта бір ғажап жер бар, – деген еді осыдан көп жылдар бұрын болған іссапардағы өзара әңгімеде жазушы Мәди Айымбетов. – Күлдірдің тақыры деп аталатын оның ерекшелігі ұшы-қиырына көз жеткізгісіз жазықтың үстінде ештеңе өспейтіндігі. Сосын алғашқы көрген адамға ондағы жерді әлдекім трактор катогымен таптап тастағандай әсер қалдыратындығы. Ұшақтардың әуеге көтеріліп, жерге қонатын аэродромы бар ғой. Міне, айдаладағы табиғат ана жасаған ол соның дәл өзі. Иә, содан аумайды.
…Қазір біз арада жылдар өткен соң барып, осы жерге келіп тұрмыз. Бұл аудан орталығы Қарауылкелдіден 140 шақырымдай қашықтықта екен. Іргесінде Қопа атты елді мекен бар. Ой шақыру үшін ұзыннан ұзақ созылған құмдауыт алқапқа үнсіз қарап тұрмыз. Шынында алдымыздағы жазықта қылайған қылпық көрінбейді. Көз жетер жердің бәрі ықылым заманнан бергі қар мен жаңбыр суынан нығыздалып тұрып шөгіп, мықтап орныққан қиыршық тасты қалың топырақ қабаты. Жылдың қай мезгілінде де берекені алып, жан таптырмас даланың долы желі бар емес пе. Міне, содан көтерілетін шаң-тозаң мұнда атымен жоқ. Өйткені ондай құм-боранның алғышарты болып табылады дейтін ұсақ топырақ үгінділері тақтайдай боп қатқаны мына жер қабатының үстіңгі бөлігімен бірігіп-кірігіп кеткен.
– Бұл алқаптың Күлдірдің тақыры деп аталуының сыры неде екен? – дедік біз айналамызға асықпай қарап алған соң.
– Ертеде, – деп бастады әңгімесін ауыл әкімі Мүрсін Байтақұлы, – осы өңірде Сәңкібай атты дәулетті адам өмір сүріпті. Ол XVII ғасырдағы Әбілқайыр заманында ғұмыр кешкен кісі екен. Міндеті хан әскерін мініс көлігімен қамтамасыз ету болыпты. Осы мақсатпен бай ордадан пәрмен келген сайын даладағы жылқыларын мына тақырға оқтын-оқтын әкеліп иіріп, сарбаздарға ай бойы ат таңдамай ма? Міне, сонда бұл жерде оның кіші әйелі Күлдір есімді анамыздың ауылы отырып, отағасы мен жасауылдарға ас-су әзірлеп беретін болған. Біздің қазіргі айтып жүрген жер атауы содан қалған деседі.
– Дұрыс екен. Ал енді мына тақырдың көлемі қандай? Осы табиғат туындысы туралы өздеріңіз көріп-білген не бар? Соны қазір еске түсіріп, айтып бере аласыздар ма?
Мұны бізбен бірге еріп жүрген жергілікті өлкетанушы Ибраһим Ермекбаев жақсы білетін болып шықты. Ағамыздың бұл жөнінде бірінші айтқан дерегі аудан энциклопедиясын жасаймыз деп жүрген әне бір жылдары олар Күлдірдің тақырын зерттеп көрген екен. Сонда оның ұзындығы 12, ені 7 шақырымды құрапты. Демек аталған жер бедері өзіміз сөз етіп отырған сала бойынша еліміздегі ең үлкен массив деген сөз. Жолбасшымыздың екінші келтірген мәліметі кешегі 70-80 жылдары осы жерге дала аруы – ақбөкендер керемет үйір болыпты. Көздері мөлдіреген, дене бітімі өте сүйкімді осы бір бейкүнә жануарлар шілденің шіліңгір ыстығында тұмсығы мен бауырын мына тақырға төсеп, күн екіндіге ауғанша тырп етпей жатып алады екен. Сәл де болса жер астындағы салқын лептен күш-қуат ала ма екен, кім білсін… Осыны білетін аңшылар дәл түс мезетінде жетіп келіп, қорғансыз бейшараларды талай рет жусатып салған ғой. Содан олар кейінгі кезде мұнда жоламайтын болыпты. Неткен қатыгездік десеңізші. Оспадарлық деп осыны айтуға болар сірә…
– Табиғаттың осындай өзгеше көріністері… Мына тақырды айтамыз да… Олар қалай, қандай жағдайда пайда болды екен? – дедік біз қайтуға жиналып жатып. – Бұдан нендей хабарларыңыз бар?
Ғалымдардың не деп пайымдайтынын білмейміз. Ал осы төңіректегі көнекөз қариялардың айтуынша әңгіме былай, – деп сөзге араласты аудандық газеттің бас редакторы Лұқпан Қадыр. – Тақыр – далалық аймақтардағы сазды топырақтың кепкен құрамынан тұратын беті тегіс, үстіңгі қабаты өте қатты ойыс алқап. Оның айналасындағы басқа жерлер қар кетісімен тез көктеп, шөп өсе бастағанда мұндағы қақ суы тұрып қалған тақыр аталмыш үдерістен кеш қалады. Сөйтіп өсіміктерге өте қажет кондициялық кезеңді амалсыз жіберіп алған онда ештеңе өспейді. Ал көктемгі күн қызуынан қақ суы буланып ұшып кеткенде тақырдың үсті тобарсып, беті шытынай жарылған күйі тастай болып қатады да қалады. Сөз орайында бұған осы даладағы ұдайы соғып тұратын өкпек желдің де өзіндік әсері бар екенін айта кеткен жөн. Бірде батыстан, келесіде шығыстан, одан соң солтүстік пен оңтүстіктен екілене ұйытқитын ыстық-суық температурадағы борандар біз сөз етіп отырған алқап топыраған әбден нығыздап тастайды десе де болады.
Әріптесіміздің мына сөзінен кейін біз ұялы телефонымызды қолға алып, «Википедия» сайтын іздей бастадық. Мақстымыз: «Тақыр жөнінде ғалымдар не деді екен?» – деген ой. Босқа әуреленіппіз. Мұнда «Kcell» де, «Beeline» де ұстамайды екен. Ойымыз аудан орталығы Қарауылкелдідегі кітапханаға келген соң ғана орындалды. Ондағы «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын таптырып алып қарағанымызда, әмбебеп еңбектің 9-томында «Тақыр» тақырыбы бар болып шықты. Авторы – биология ғылымдарының кандидаты Есбол Жамалбеков ағамыз екен. Мақаланы оқып отырып бірден байқағанмыз, бұл кісі пайымдауының да жоғарыдағы Лұқпан Қадырдың көнекөз қариялардан естіген дәйек-деректеріне ұқсастығы еді. Демек, жергілікті жердің адамдары да, ғалымның айтқандары да дұрыс. Тұжырымдары ортақ. Бірін-бірі толықтырып тұр. Есбол Жамалбеков мақаласындағы жалғыз өзгешелік ол тақырдың Ақтөбе өңірінде ғана емес, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында да бар екенін айтқаны. Бірақ олардың аталмыш аймақтардағы аты қандай? Көлемі ше? Және нақты қай аудан немесе ауыл маңында? Бұл жөнінде ештеңе жоқ. Демек, республикамызда біз білетін, аумағы жағынан да үлкені өзіміз көрген Байғанин ауданындағы осы Күлдірдің тақыры болса керек.
Авторы: Жанболат АУПБАЕВ