Құрғақ маусымның соңғы айы – қарашаның жылы таңында күрең түсті Bell JetRanger тікұшағы Мозамбиктегі Горонгоса ұлттық паркі үстімен шығысқа қарай ұшып өтті.
Ұшақты зимбабвелік тәжірибелі ұшқыш – Майк Пинго басқарып келеді, ал оның оң жақ қапталында отырған Оңтүстік Африканың жабайы табиғатын зерттеп, жануарларға қарғыбау тағумен айналысатын маман – Луис ван Уик транквилизатормен толтырылған оғы бар мылтығын ұстаған қалпы сілтідей тынып қалды. Пингоның қасында парктегі пілдерге жауапты мозамбиктік жас эколог – Доминик Гонсалвес отыр.
Бүгінгі таңда Горонгосада 650-ден астам піл мекендейді. Бұл елдегі азаматтық соғыс болған жылдармен (1977-1992) салыстырғанда айтарлықтай көп. Ол кезде қару мен аммуниция алу үшін халық пілдерді қынадай қырып, азуы мен етін сататын болған. Гонсалвестің міндеті жыл өткен сайын саны артып келе жатқан әр матриархалды табынның ересек аналықтарына GPS- құрылғысын тағу.
Алдымыздан шыққан табыннан бір пілді Гонсалвес таңдап алған соң, Пинго тікұшақты барынша төмендетті. Сол уақытта тікұшақтың дықылдаған дыбысынан үркіген пілдер аласұрып қаша жөнелді. Көздеген пілдің оң жамбасына Ван Уикк дротикті дөп тигізді.
Тікұшақ жерге қонғанда қалған екеуі одан секіріп түсті де ессіз жатқан пілге жақындады. Көп ұзамай ауыр техника мен оны жетік білетін мамандар, сондай-ақ қарулы рейнджерлер де келіп жетті. Гонсалвес пілдің еркін тыныстауы үшін тұмсығының астына кішкентай таяқты тіреп қойды. Жерде етбетінен жатқан жануар бір уақытта қатты қорылға басты. Мамандардың бірі пілдің сол құлағындағы тамырынан қан сынамасын алып жатқанда, екіншісі пілдің мойнына қарғыбау тағумен әлек.
Медициналық қолғап киген Гонсалес жануардың аузы мен тік ішегінен сұйықтық алып, арнайы құтыларға бөлек-бөлек салып жатты. Кейін ол сол қолына ұзын жеңді полиэтилен қолғап киіп, пілдің тік ішегінен тамақтану әдебін зерттеуге мүмкіндік беретін талшықтар мен сарғылт түсті тезекті алып шықты.
«Луи, оның буаз не буаз еместігін біліп бере аласың ба?» – деді Гонсалвес.
«Ол жуырда балалап қалады», – деді Уик пілдің ісінген емшектерінен тамшылап тұрған сүтті нұсқап.
Пілдер санының өсуі – Горонгосадағы жағымды жаңалықтың бірі ғана. Соғыстан кейінгі 1994 жылмен салыстырғанда мұнда арыстан, африкалық енеке, су сиыры мен гнудың да саны артқаны байқалуда. Табиғат қорғау саласында осыншалықты зор жетістікке жету өте сирек кездесетін жағдай.
Қарғыбау тағылып, сынамалар алынған соң Уик пілдің құлақ тамырына инемен оятатын дәрі салды. Топ мүшелері бірден қауіпсіз жерге қашты. Арада бір минуттай уақыт өткенде әлгі піл орнынан тұрып, ұйқылы-ояу басын шайқап барып, өз табынына қарай бет алды. Бұндай қарғыбаулар пілдердің қозғалысынан хабар беріп, олар парк аумағынан шығып кеткен жағдайда немесе егіс алқаптарына таяғанда дабыл қағатындығымен ерекшеленеді.
Горонгоса паркі 2004 жылы Мазомбик үкіметі мен АҚШ билігі, Грегори К. Каррдың қоры арасындағы әріптестіктен пайда болған. Піл, гиппопотам мен арыстандар парктің ішінде көбеюі үшін жақын маңдағы адамдардың тұрмыс жағдайы да жақсы болуы шарт.
Шығыс Африкалық рифт аңғарының оңтүстік беткейінде созылып жатқан Горонгоса саванна, орман, батпақты алқаптар мен суы мол Урема көлін бойына сыйдырған аңшылыққа арналған қорық болған. Оның негізін 1921 жылы португалиялық отаршылдар қалаған. Олар табиғатпен етене өмір сүріп жатқан халықты ығыстыра келе алқапты өздерінің көңіл көтеретін мекеніне айналдырады. Ол жер 1960 жылы ұлттық паркке айналғанда мұнда шамамен 2200 піл, 200 арыстан, 14 000 африкалық екене, импала, зебра, гну, су сиыры, канна антилопаларымен қатар Африка символына айналған өзге де жануарлар мекендейтін.
Дегенмен парктің шалғайлығы мен оқшаулығы оның сорына айналды. 1975 жылы тәуелсіздік алғанға дейін 15 жыл бойы Горонгоса RENAMO (Resistência Nacional Moçambicana), яғни Мозамбик ұлт-азаттық көтерілісі оңшыл саяси партиясының басқаруында болды. Аталмыш көтерілісші топ әскери көмекті көршілес Родезия (қазіргі Зимбабве) мен Оңтүстік Африкадан алдыртып отырды. Ол жерге жергілікті үкімет әскері келгенде Горонгосада шайқас оты тұтанып, парктің штаб пәтерінен ракета жіберіліп, саванналардың маңында нағыз қырғын орын алатын. Сол уақыттарда пілдермен бірге мыңдаған зебра мен басқа да ірі жануарлар азық, ал кейде қызық үшін өлтірілді. 1992 жылы соғысты уақытша тоқтатуға келісім жасалғанымен, кәсіби аңшылардың браконьерлік әрекеттері жалғаса берді. ХХІ ғасырдың басында Горонгоса ұлттық паркінің жабайы табиғаты толықтай жойылуға шақ қалады.
Парктің айналасындағы жағдай да мәз емес-тін. Жобалаушылар «буферлі аймақ» деп атайтын жерде 100 мыңға жуық адам жұпыны тірлік кешіп жатқан ол уақытта. Көптеген отбасылар тек жүгері мен кейбір дәнді дақылдар өсірумен ғана күнелтіп жатты. Мұндай тіршілік отбасыларын асырауға әрең жететіндіктен балалардың білім алуы мен денсаулығын тексертуде мүмкіндіктері болған жоқ.
Қуаңшылық жылдары фермерлер орманды алқаптарды отап, ылғалы сақталған орынды жыртуға көшті. Ақырында, олардың ағаштарды кесуі мен егін егу әрекеттері парктің батыс шекарасын жапырып өтті. ХХІ ғасырдың басында 5400 шаршы шақырымдық «буферлі аймақтағы» орманның бір бөлігі жым-жылас жоғалған.
Осы үмітсіздік пен шығын кезеңінің нүктесі 2004 жылы қойылды. Сол жылы Мозамбик президенті Жоаким Чиссано америкалық Грег Карр шақыртуымен Гарвард университетіне лекция оқуға барады. 1986 жылы Карр өзінің бір досымен телефон жүйесін компьютермен байланыстыру жолдарын ұсынатын көреген «Бостон технологиясы» компаниясын ашады. Олардың тағы бір сәтті бастамалары 1998 жылы дүниеге келеді. 40-қа әлі толмаған Карр компаниясын 800 миллион АҚШ долларына саудалайды. Горонгосада әңгімелескенімізде ол маған: «Менің хоббиім бес долларлық жұмсақ қаптамадағы кітаптарды оқу-тұғын, – деді, – бұл маған қажетті сомадан да артық қаражат болатын».
Ол филантропиялық «Карр қорын» оның мақсатын білмей жатып ашыпты. Дегенмен Эдвард О. Уилсонның туындылары оның табиғатты қорғауға деген қызығушылығын оятады. Сонымен қатар оның назары адам құқығы тақырыбын зерттеуге және Нельсон Манделаның еңбектеріне ауады. Кейінірек, Карр Оңтүстік Африканың президентіне айналған Манделаның көрші елдің басшысымен бірігіп, Мозамбиктің шекарасы арқылы жабайы табиғатты қорғау үшін әрі жергілікті халықтың игілігі үшін «бейбіт парктер» деп аталатын транксшекаралық ұлттық парк ашқалы жатқанын білгенде, аталмыш қос зерттеуін ұштастырады.
«Президент Чиссано ұлттық парктерді жақсы көретін, – дейді 2004 жылы мұнда алғаш келген Карр, – ол маған Горонгосаны сақтап қалуға атсалысуымды ұсынды».
Ал арада үш жыл өткенде Карр үкіметпен ұзақ мерзімдік келісімге қол қояды. Бұл оның басқару қабілеті мен қаржы ресурстарын ғана емес Горонгосаның «адам құқықтары паркіне» айналады деген ортақ пікірді сынаған уағдаластық еді. Ал ол үшін аумақтың ландшафтысы, су ресурстары мен барлық формадағы биологиялық алуантүрлілікті сақтап, денсаулық сақтау, білім беру мен ауыл шаруашылығы саласын жолға қою арқылы парк айналасындағы жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру керек еді. Бұл іске National Geographic қоғамы да сүбелі үлес қосып, парктің іші мен айналасындағы ғылым мен табиғатты қорғайтын бүкіл бастамаларға, одан бөлек қоғамдық даму, әйелдерге білім беру мен олардың құқықтарын қорғайтын жобаларға қаржылай қолдау көрсетті.
Жер ылғал тартқан сәуірдің бейсенбілік таңы. Парктен 32 шақырым жердегі Мекомбези Понте ауылында арқасында Rapariga do Clube (қыздар клубы), ал алдында Parque Nacional da Gorongosa деген жазуы бар қара-көк футболка киіп алған тоғыз қыз секіртпемен ойнап жүрді. Олардың жанында қыздарды өз еріктерінен тыс тұрмысқа беру не ерте жүктілік секілді қауіптерден сақтайтын он madrinhas немесе ерікті «өкіл ана» бар.
Мекомбези Понтенің «Қыздар клубы» – буферлік аймақтағы 2000 оқушы қызға қамқор болып отырған 50 клубтың бірі ғана. Қыздар дүйсенбі, сәрсенбі мен жұма күндері хат тануды үйренсе, сейсенбіде денсаулық сақтау мен бала туу мәселесінде білімдерін жетілдіреді. Карр екеуіміз куә болғандай, қыздар бейсенбі күндерін ойынға арнайды. Қыздар айналып жатқан секіртпеден кезек-кезек ытқып жатқанда, тәлімгер-еріктілер қол шапалақтап, ән айтып тұрды. Карр қыздардың қатарына қосылып алып, барынша секіруге тарысқанымен қыздардың одан жақсырақ секіретіні байқалып-ақ тұрды.
Карр Горонгоса ұлттық паркін қалпына келтіруде «Қыздар клубының» атқарар міндеті зор деп есептейді. Оның ойынша, әйелдердің қоғамдағы орны еркектерге қарағанда басымырақ. Себебі буферлік аймақтағы қыздардың жастай отау құруынан халық саны үздіксіз көбейе беретін болса, парк айналасындағы ланшафт пен фаунаны қорғау шараларының ешқайсысы нәтиже бермек емес. «Ал егер қыздар мектепте оқып, әйелдер жаңа мүмкіндіктерге ие болса, екі балалы отбасылар қалыптасады, – дейді Карр. – Бұл – әйелдер құқығының қорғалып, түрлі шаруалармен айналысуына мүмкіндік береді. Бұл – адамзаттың дамуы мен табиғатты қорғаудың тоғысқан тұсы. Африкаға ұлттық парктерін сақтап қалу үшін әйелдер мен балалардың құқығын қорғай отырып, кедейлікті азайту қажет», – дейді Карр.
Қыздар клубынан қайтарда біз шағын рәсімге куә болдық. Алтыншы сыныпта оқитын Хелена Франциско Текуэс алға шығып, ламинацияланған қағаздан балалардың 10 құқығы мен 10 міндеті жазылған декларацияны оқып шықты. Ол «балалардың тамақтануға құқығы бар және тамақ ысырап болмауы тиіс, балалардың салауатты қоғамда өмір сүруге құқығы бар және табиғат аялануы міндетті» деп оқыды.
«Бұл, шынында да, өте әсерлі болды, – дейді Карр, – мен мұнда алғаш келгенде, қыздар оқи алмайтын». Олар қыздардан өскенде кім болғылары келетінін сұрады. Қыздардың әрқайсысы ортаға шығып, өздерінің есімдерін атап тұрып, байсалды түрде медбике, акушер, мұғалім, полиция қызметкері болатындарын айтып жатты.
Парктің негізгі шекарасынан тысқары болса да, Горонгоса тауы Горонгоса экожүйесінің ажырамас бөлшегі б.т. Тау жауын-шашын суын жинап, оны парк аумағындағы өзен алқабына жеткізіп, жалпы Горонгосаның қырларына, климатына, топырағына, өсімдігі мен жабайы тіршілігіне биоалуантүрлілік сыйлайды. 1969 жылы оңтүстікафрикалық эколог Кен Тинли тау мен парктің шекарасынан шығысқа қарай созылып жатқан үстіртті біріктіріп, жалғыз басқару ауданын құруды ұсынды.
2010 жылы Горонгоса тауының жоталары (700 метрге дейінгі биіктік) парктің бір бөлігіне айналды. Тау шыңы – Вундузи өзенінің көзі әрі шалғайдағы адам қолы жете қоймаған көне орманды жасырған мекен. Алайда таудың төменгі сағасындағы кереметтей таңдауы жоқ жергілікті халық орманды отап, алқапты өртеп, егіншілік жұмыстарын кешеге дейін жалғастырып келді.
Кездесулердің бірінде паркке тиесілі орман шаруашылығының басшысы, мозамбиктік Педро Муагура ағашсыз қалған тау бөктерінде бізге кофе өсіруді ұсынды. Ол қайта отырғызылған ағаштардың көлеңкесінде өсіп, жергілікті халыққа азын-аулақ табыс көзі әрі орманды қалпына келтіруге сеп болар еді. 2014-2016 жылдары соғыс оты қайта тұтанып, үкімет әскері тауда жасырынған көтерілісшілердің соңына түсіп, Горонгоса тауы аяқ асты майдан шебіне айналғанына қарамастан бұл идея Муагура жүзеге асырып келеді.
Квентин Хаархоф парктің кофе өсіру жөніндегі бас маманы. Ол бұрын Зимбабведе кофе өсірген, кейіннен, өзі айтқандай, ел президенті Роберт Мугабэ ақ фермерлерден теріс айналған соң ол елден қуылған. Кофе өсіріліп жатқан аймаққа жету үшін біз тау сілемінің оңтүстік баурайындағы қос торапты тік жолмен көтерілдік. Жол бойында біз соргум, жүгері мен ананас алқаптарын, сондай-ақ бірнеше үй мен лашық үйлерді көрдік. Біраз көтерілген соң кофе өсіруге қолайлы биіктікке де жеттік.
«Бұл таудың табиғаты ғажап», – дейді Хаархоф. Оның ылғалдылығы жақсы, температурасы салқын, ол құбылмалы емес және мұндағы егінді үсік шалмайды.
Соғыс оты өршіп тұратын аймақта кофе түйіршіктерін өсіру мен орманды қайта қалпына келтіру әлі күнге дейін қорқынышты. Соған қарамастан, жергілікті фермерлер бұл кәсіпті бірден алып кетті.
Біз джип көлігімізді қалдырып, жолды жаяу жалғастырдық. Біршама жүргеннен кейін біз ағаштардың көлеңкесін паналаған 260 мың кофе өскініне тап болдық. Олардың әрқайсысы құмыра тектес пластикалық ыдыстағы бір күрек топыраққа отырғызылған. Тағы көтерілгенімізде басқа да кофе ағаштарының арасынан өттік. Хаархофтың айтуынша, қазіргі таңда, бұл демонстрациялық жоба шеңберінде паркте 180 адам жұмысқа жұмылдырылған. Жоспар – мұның қалай жүзеге асатынын байқап көру. Яғни, тармақтарының арасында қосалқы дақыл ретінде көкөніс, жеміс, бұршақ өсіре отырып, тыңайтқышпен жабындалған, арамшөбі қолмен оталған, жергілікті ағаштардың көлеңкесінде кофе бұталарының қалай өсірілетінін көрсету. Содан соң, осы кофе түйіршігі мен өскінін табиғи тауарларды сатумен айналысатын Produtos Naturais компаниясына жақсы бағаға өткізіп, халықты оқу құрал-жабдығымен қамтамасыз ету керек.
Produtos Naturais жақын маңдағы жаңа зауытта кофені өңдеп, қуырылған кофе түйіршіктерін Мозамбиктің саудагерлеріне сатады. Бұл жергілікті халықтың тұрмысын жақсартып, олардың ағаштарды отап, өртелген жерге жүгері егуіне тосқауыл болады. Осылайша, таудағы орман ағаштарын қорғап қана қоймай, оталған жерлерді қайта орманға айналдыруға мүмкіндік туады. «Мен ғалым емеспін, – дейді Хаархоф, – дегенмен, құстар мен аралардың қайта оралғанын байқамау мүмкін емес. Сіз табиғаттың иығынан жүк түскендей еркін тыныстағанын көре аласыз».
Табиғат өте икемді, десе де оның жарасынан толық айығып, жаңаруы үшін тау бөктеріндегі орманды қайта қалпына келтіру мен оны браконьерлерден қорғау жеткіліксіз. 2018 жылы Африкадан арнайы әкелінген бір топ жабайы ит (соғыс кезінде көше кезіп кеткен жыртқыштар) қоршаған ортаға бейімделіп, артынша паркке жіберілді. Мұнда әкелінген зебралардың шағын үйірі де паркке үйренісіп кетті. Сол уақытта оңаша жүрген бір барыс та көзге ілінді.
Кезінде Горонгосада қара мүйізтұмсықтардың да саны көп болатын. Осылардың барлығын қайта қалпына келтіру уақыт пен қолайлы ортаны қажет етеді. Каррдың тобы мен мемлекет арасында жасалған ұзақ мерзімді келісім 2018 жылы қайта қаралып, тағы 25 жылға созылды. Әрине, экологиялық тұрғыдан қарағанда 25 жыл аз уақыт емес.
Қорғалатын аймақтың кең болуы маңызды. Үлкен аймақтағы алуантүрлілік жан-жануардың тіршілік етуіне аса қолайлы болатындықтан Карр Мозамбик үкіметіндегі серіктестерімен бірге Горонгосаны «таудан мангр нуына дейін» үлгісі бойынша кеңейтуге құлықты. Олардың мақсат-мұраты зор: бұл батысындағы Горонгоса тауы мен оңтүстік Рифт аңғарындағы паркті, Черингома үстіртінің жапырақты орманын біріктіру. Сондай-ақ, оның құрамына Горонгоса экожүйесінен бөлек, жақын маңдағы фермалар мен кәсіпорындар да кіреді. Бұл пазлға кіретін африкалық енеке мен құстарға бай Marromeu ұлттық қорығы секілді ылғалы мол мекеннің жағалаулық бөлігі қазірдің өзінде белгілі бір деңгейде қорғалады.
Тағы бір жолы Карр екеуіміз парктің ғылым департаментінің директоры Марк Сталманспен бірге JetRanger тікұшағымен саванналардың үстімен ұшып, үстірттегі және пальма ормандарын артта қалдырып, шығыстағы Marromeu қорығына бет алдық. Каррдың айтуынша: «50 жылдан кейін ондағы тұмса табиғат көздің жауын алатын болады. 50 мың енеке, 10 мың піл, 1 мың арыстанды көз алдыңызға елестетіп көріңізші?! Қиын болғанымен, мұндай көрсеткішке жетуге әбден болады. Шектеулі мүмкіндігімізге қарамай, мұндай жоспар қоюдың өзі жеңіс».
2018 жылдың қазан айында соңғы рет санақ жүргізілгенде аң-құс популяциясының артқаны байқалған. Енеке, орман бөкені, импаланың қарасы көбейіпті. Африкалық жабайы иттердің қайта әкелінуімен қатар, зебра, гну мен канна бөкенінің де саны да артқан. Партуль қызметі браконьерлікті барынша азайтты. Дәл қазір паркте 261 қарауыл бар. Соңғы санақ Каррдың алға қойған мақсатына жетуіне әлі біршама уақыт қажет екенін көрсетеді. Алға қойылған мақсат тек осы Горонгоса ұлттық паркінде ғана жүзеге асуы мүмкін дейді экологтар.
Пинго тікұшақты Marromeu қорығындағы жағажайға қондыруға бет алды. Карр айналаны шолып шыққанша, Пинго, Сталманс үшеуіміз африкалық енеке туралы әңгіме өрбіттік. Азаматтық соғысқа дейін Marromeu ұлттық паркінде 55 мың енеке болған екен. Екі мыңға жуық енеке ылғалды жағалаулық аймақ аңшылыққа қолайсыз болған үшін ғана аман қалған.
Карр қиялына ерік беріп, тау, аңғар, көл, үстірт, сулы-батпақты жерлер мен мангр орманы секілді экожүйесі бай жағажайға үйшік, қоршаған ортаны зерттейтін станция салынса, мұнда қаншама турист келер еді деп ойлады.
«Мұның бәрін біріктіріп көріңізші, – дейді Карр шабыттана, – ерекше дүниеге қол жеткізесіз».
Біз тікұшаққа қайта міндік. Көтеріліп бара жатып, үміт сыйлайтын көріністі – әрқайсысының арқасына қос көкқұтаннан жайғасқан бір үйір қара және жалтыр енекені көрдік…
Авторы: Дэвид Кваммен, фото: Чарли Хамильтон Джеймс