..."/>
ТАБИҒАТ

Рептилия билік құрған жер

Фотограф адам аяғы баспаған, экожүйенің бір бөлігіне айналған оқшауланған Атолл тапты.

Альдабра маржантас атоллындағы Мидл-кэмп лагеріндегі күркемнің жанынан тасбақа жорғалап өткенде таң қалған едім. Тұмса табиғат өкілімен кездейсоқ бетпе-бет келуімді маған бұйырған мүмкіндік деп қабылдап, оны армансыз суретке түсірдім. Мұндай кездесудің бір емес бірнеше рет қайталанатынын білген жоқпын ол кезде?! Әбден мезі болған соң телефоныма түсірген кездерім де болды. Кейін оларға мән бермейтін жағдайға жеттім…

Сейшел аралдарына ұзап шыққандағы мақсатым қалпына келіп жатқан табиғатты суретке түсіру еді. Шамамен өткен ғасырдың ортасында Үнді мұхитындағы шағын арал құрдымға кетуге шақ қалған. Кокос пен даршынды егу үшін жергілікті өсімдіктер оталып, егеуқұйрық пен тышқан қаптап, оның арты аралдағы теңіз бен алып тасбақалардың құрып кетуіне әкеп соқты.

Алайда мемлекеттік қолдаудың арқасында кейін табиғатты қорғау ісіне қан жүгіріп, алып Альдабра тасбақасы аралға қайта орала бастады. ХVII ғасырға дейін теңізшілер осы еңгезердей рептилияның айлар бойы сусыз, тамақсыз өмір сүре алатынын біліп, оны ұзақ сапарларға азық көзі ретінде алып жүрді. Оған дейін бұл тасбақалар Үнді мұхитының көптеген аралдарында тіршілік ететін. Бір аулағанда олар трюмдерін жүздеген тасбақаға толтырып, кеме кезіп кетпеулері үшін оларды арқасымен жатқызып қоятын. Осылайша Үнді мұхитындағы тасбақалар күрт азайып, тек Альдабра түрі, оның өзінде бірнеше мыңы ғана аман қалған.

Альдабра аралының оқшаулығы мен адамның өмір сүруіне қолайсыздығы тасбақаларға әлі күнге қорған болып келеді. Альдабра бүгінге белгілі бірде-бір маршруттың тікелей жолында жатқан жоқ. Оған жету үшін ұшақ пен кеме жалдауыма тура келді. Әлемдегі ең ірі маржантас атоллдарының бірі Альдабра қонақжайлықтан мүлде ада. Оның жағалауы пышақтай өткір кораллдарға толы. Бұл жерде тұщы су жоқтың қасы. Маса буып тұр. Күннің шыжып тұрғаны сондай, көлеңке таппаса тасбақа өз сауытының ішінде қуырылып кетеді. Бұған қарамастан, мұнда тасбақалардың өмірі жаман емес, өйткені осында келіп, олардың мазасын алуға ешкімнің дәті жетпейді. Әрі үкімет бұл аралды арнайы қорыққа айналдырып, ол ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра нысандары тізіміне енген. Адам әрекетінен қорғалатын тасбақа популяциясы осы күні шамамен 100 мыңға жетіпті.

Альдабрада болған алты аптаның екеуін мен Мидл-кэмп лагерінде өткіздім. Едені балшық, шатыры қаңылтыр лашықта күнелтіп, түнде кокос шаяндарының шатыр үстінде тырс-тырс кезгенін естіп жүрдім.

Алып тасбақалар Альдабра маржантас аралында еш уайымсыз ұйықтай алады. Мұнда олар жыртқыштардан қорықпайды.

Тасбақалар National Geographic журналында фотограф болып істейтін мені мүлде елемей, өзге аң-құстан бөліп-жарған жоқ. Атоллға келген жанның барлығы экожүйенің ажырамас бір бөлігіне айналады. Лашық есігін ашқан бетте ішіне тасбақа баса-көктеп кіретін. Біз тамақ дайындап жатырмыз ба, ұйқыдамыз ба – оларға бәрібір. Адамнан «қорқатыны» соншалық, лашық артындағы құм бар жерде тамақтанып отырған бізді тасбақалар туп-тура бір жол күреген бульдозерлер сияқты үстімізден өтіп шығуға тырысатын.

Күн батуға шақ қалғанда жайы­лып болған тасбақалар созылған күйі ұйқыға кететіндіктен түн уағында дәретханаға жету азапқа айналды біз үшін. Ол лашықтан 60 метрдей жерде еді. Маңыздысы – тасбақаларды мазаламау және де өзің араңдап қалмау.

Альдабрадағы миссиямыз қиындықтарға толы болды. Десек те, бұл рептилия билеген соңғы жерде күн өткізу өмірімдегі ең жарқын сәттердің біріне айналды.

Мақала мен фото авторы: Томас П. Песчак

Фотограф әрі теңіз биологы Томас Песчактың National Geographic журналына осы күнге дейін тоғыз мақаласы жарық көрді. Оның көп еңбегі мұхит пен аралдардың көркемдігі мен нәзіктігін паш етуге арналады.


Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля