..."/>
ТАБИҒАТ

Жирафтар

Африкада осы алып жануарларға төнген қауіп арта түсті. Мекенін ауыстыру кейбірін сақтап қалуға көмектескенімен, бұл амал жаңа қатерлерге жол ашып отыр.

Техастағы таксидермия дүкенінде сатуға қойылған «трофей жираф». Жираф формасындағы стиролдық пенопласт қатқанға дейін картон таспа мен түйреуіштер теріні қозғалтпай ұстап тұрады. Бұл алыптардың саны 30 жыл ішінде 40 пайызға кеміп, тұмса табиғатта олардың шамамен 110 мың басы қалған.

Ветеринар Пит Моркел өзінің еңбек ғұмырында Африканың барлық ірі сүтқоректілері – арыс­тан, орман пілі, ақ мүйізтұмсық, жирафпен де жұмыс істеп көрді. Соның ішіндегі соңғысы күйзеліске бейім екенін анықтаған. Басқа аңдарды қозғалыссыз күйге түсіруге анестетикалық дәрінің қалыпты мөлшері жеткілікті болса, ал жирафты ұйықтату үшін шамадан тыс дәрі қолдануға тура келеді. Нигердің бұталы алқаптарының бірінде ел астанасы Ниамейден шығысқа қарай шамамен 100 шақырым жерде екі жасар ұрғашы жирафты аңдып жүрген кезімізде 59 жасар ветеринардың маған айтқаны осы болды.

Моркел дротикті қаруына морфиннен 6000 есе қуатты апиын – эторфин дозасын оқтады. Дәрі жирафтың терісіне қадалғаннан кейін Моркел мен оның командасының құзырында санаулы минут қана бар. Осы уақыт ішінде олар жануар құлаған бойда оның мойнына антидот салып үлгеруі керек. Егер ол Нигер елі арқылы мекенін ауыс­тыру үшін 800 шақырым жолдан аман шықса, әлемдегі ең сирек сүтқоректілердің бірінің жаңа популяциясын бастайтын сегіз «Адам ата мен Хауа аның» біріне айналмақшы.

Жетім қалған жираф Кенияның солтүстігіндегі Сарара лагерінде күтушісін иіскеп тұр. Самбуру бақташылары жалғыз қалған жираф төлін тауып алғаннан кейін, оларды асырап, кейін табиғатқа қайта жіберумен аты шыққан Сарара орталығына хабарлаған. Қазір мына жас жираф жабайы үйірге қосылған.

Біз бір апта бойы артынан ілесіп жүрген жирафтар 1980-ші жылдардың соңында құрғақшылық пен соғыс кесірінен көршілес Малиден Африканың батысындағы Нигерге ауған

50 шақты алыптың ұрпақтары б.т. Олар оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа қарай көшіп, Нигер өзені бойымен Сахель аймағын кешіп өтіп, Ниамейді айнала ақыр соңында құрғақ та, шаңды үстірттегі Куре мекеніне барып қоныс тепті.

«Мойны мен мүйізіне қарап оны сайтан екен деп қалдық. Аң патшасы сияқты қауіпті аңдар бар екенін еститінмін, бірақ жираф туралы ешкім айтпаған-тұғын. Бойымызды үрей биледі. Тіпті, сиырларымыз да үркіп кетті», – дейді ондаған жыл бұрын сол жирафтардың бірімен бетпе-бет келген сәтті еске алған, 76 жастағы Амадоу Хама есімді бақташы.

Жаңадан келген сол алып қонақтар өткен ғасырдың соңында Сенегалдан Нигерия­­ға дейін жағалау аймақтарда, Батыс Африканы түгел қамтыған тіршілік ортасын мекен еткен ақ жирафтардың ірі популяциясынан аман қалған соңғы тұяқтар еді.

2016 жылы бір топ ғалым жирафтар жөнінде ортақ пікірге тоқтаған. Оған дейін жирафтардың бәрі бір ғана Giraffa camelopardalis деген түрге жатады деген ортақ пікір бар еді. Алайда бүгінгі күні генетикалық талдау жирафтардың төрт анық түрі бар екенін көрсетіп отыр. Сол төрт түрдің өзі бес қосалқы түрге бөлінеді, солардың ішінде сирек кездесетін батыс-африкалық Giraffa camelopardalis peralta да бар. Осы бозғылт, теңбіл жирафтарды қазір тек Нигердегі Куре аймағынан таба аласыз. Осы таксономия­­ға сүйенсек, екі қосалқы түрінен басқаларын «осал», «жойылу қаупі төнген», «жойылуға шақ қалған» категорияларына жатқызуға болады және Африка бойынша олардың популяциясы өткен отыз жылда шамамен 40 пайызға азайып, әлемде 110 мыңдайы ғана қалған.

Кенияның астанасының орталығынан 6 км жердегі Найроби ұлттық паркінде жайылып жүрген бір топ жираф. Ауданы 117 км2 паркте сүтқоректілердің жүзден астам түрі бар. Алайда астананың кеңеюі оларға қауіп төндіріп отыр.

Жирафтарды сақтау қорының (ЖСҚ) қосалқы директоры Джулиан Феннесми мұны «үнсіз жойылу» деп атайды, өйткені адамдардың көбі жирафтар тұмса табиғатта өріп жүр деп ойлайды.

Іс жүзінде Африканың кей бөліктерінде олардың жағдайы жаман емес. Оңтүстік Африка мен Намибиядағы жеке ойын-сауық фермаларында жабайы аңдардың саны артқаны байқалуда. Мұнда жирафтарды аулау заңды және олардың популяциясы соңғы онжылдықта екі есе өскен. Алайда Африка шығысындағы жирафтардың тор көзді және масай түрлерінің жағдайы мүшкіл. «Кенияның оңтүстігінде бұл алыптың түбіне қоршау­лар жететіндей. Бұл, тіпті браконьерліктен де зор зардап тигізіп отырған фактор. Жирафтар қоршаудан секіріп өте алмағандықтан бұл олардың өрісін тарылтады», – дейді ЖСҚ-ның Шығыс Африкадағы үйлестірушісі Артур Муенза. Халық санының артуы, малға жайылым жерлердің жетіспеуі және климат өзгерісі малшылар мен фермерлерді жабайы табиғат пен жирафтардың тіршілік ортасына қарай «қол сұғуына» мәжбүрлеп отыр. Ал бұл уақытта көбіне Угандада кездесетін нубалық жирафтар өткен отыз жылда 97 пайызға дейін азайып, әлемнің ең жоғары деңгейде жойылу алдында тұрған сүтқоректілер категориясына кіруіне себеп болып отыр.

Нигер жирафтарының да саны көп емес, десек те 1996 жылғы 49 бастан, батыс – 600-ге дейін көбейген. Олардың популяциясының қалпына келуі құрлықтағы табиғат сақтау талпыныстарының ең табысты үлгілерінің бірі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының адами әлеуеттің даму индексі бойынша 189 ел ішінде Нигер ең соңғы орында тұр. Тұмса табиғатты қорғау мұнда бұрыннан негізгі мәселе болып табылмайды. 1996 жылы мемлекеттік төңкерістен кейін Нигердің жаңа президенті көршілес Нигерия мен Буркина-Фасоның президенттеріне сыйға тарту мақсатымен жабайы жануарлардың бір тобын аулау үшін орманға әскер жібереді. Осы операция кезінде қолға түскен ешбір жираф тірі қалмаған және Батыс Африкадағы жирафтар популяция­сының үштен бірі бөлігі жойылып кетті.

Жағдайдың ушығуынан 2011 жылы Нигерде жирафтарды қорғау мақсатымен Африкадағы тұңғыш тұмса табиғатты қорғауға арналған ұлттық стратегия қабылданды. Үкіметтің браконьерлікке толықтай шектеу қоюы және аймақта қандай да бір табиғи жыртқыштардың болмауы Куредегі жирафтар санының артуына  мүмкіндік беріп отыр. Олардың популяциясы жылына 11 пайыздан астам жылдамдықпен күрт артуына байланысты шаруалармен қақтығыс алыста еместей көрінген. Нигер жирафтарын ары қарай көбейтіп, дені сау төл дүниеге келу үшін жаңа мекенде екінші жасанды популяция қалыптастыру қажет.

Бұрынырақта Канаре ауылына жергілікті көсемдерімен тілдесуге барған кезімде Хамадоу Якуба былай дегені бар: «Бұл жақтағылар жирафтарға үй жа­­нуары сияқты қарайды. Құдай жирафтарды мұнда әкелді, сондықтан біз олармен бірге өмір сүреміз».

Табиғат жанашыры Иван Картер дәрінің күші әсер ете бастаған кезде оқ-дәрі енгізілген жирафқа жармасты. Осы және тағы басқа 17 жираф Уганданың солтүстігіндегі Мурчисон-Фолс ұлттық паркінен Ніл арқылы парктің оңтүстік шетіне көшірілді. Солтүстікте браконьерлік, жаңа бөгеттер және жолдардың салынуы оларға өміріне қауіп төндіруде.

Канаре жираф туризмі мен халық­аралық табиғат жанашырлары құрған жергілікті даму қорынан пайда көргені шамалы. Бірақ бүйірдегі Боко Харам мен Аль-Каида әрекеттері кесірінен туризм саласы кібіртіктеп тұр.

Өткен онжылдықта Африкада жабайы табиғат айтарлықтай түлеп келеді. Табиғат жанашырлары Чадтың қылышмүйіз антилопасы сияқты көптен көзге түспей кеткен аң-құстарды байырғы тіршілік ареалына кері қайтарып жатыр. Соңғы екі жылда ЖСҚ тағы үш мәрте жирафтарды көшіру операциясын орындады. Оның екеуі Уганданың Мерчисон Фолс ұлттық паркі ішінде жүзеге асты.

Нигерде елдің потенциалды тіршілік мекенін бағалау нәтижесінде батыс-африкалық жирафтарды орналастырудың ең қауіпсіз паркі анықталды. Бұл – ел аумағының ортасында орналасып, биосфералық қорық ретінде бекітілген, ауданы бір млн гектар, адамдар тұрмайтын Гадабеджи аймағы. Мұнда құзғын мен қарақұйрық көп және елу жыл бұрын осы ұзын мойынды алыптардың ата-бабасы осы жақта мекендеген.

Жирафтарды көшіруге сынмен қарайтындар да жоқ емес. «Ұзын мойындыларға қазіргі мекендерінде қауіп төніп тұрған болса, онда неге олардың саны өсуде?» – дейді 1990-шы жылдардың ортасында Куредегі жергілікті табиғат сақтау жобаларына атсалысқан этолог Изабель Сиофоло. – Мүмкіндігінше тіршілік ортасын таңдауды жирафтардың өзіне қалдырған дұрыс».

Нигерде елдің потенциалды тіршілік мекенін бағалау нәтижесінде батыс-африкалық жирафтарды орналастырудың ең қауіпсіз паркі анықталды. Бұл – ел аумағының ортасында орналасып, биосфералық қорық ретінде бекітілген, ауданы бір млн гектар, адамдар тұрмайтын Гадабеджи аймағы. Мұнда құзғын мен қарақұйрық көп және елу жыл бұрын осы ұзын мойынды алыптардың ата-бабасы осы жақта мекендеген.
Жирафтарды көшіруге сынмен қарайтындар да жоқ емес. «Ұзын мойындыларға қазіргі мекендерінде қауіп төніп тұрған болса, онда неге олардың саны өсуде?» – дейді 1990-шы жылдардың ортасында Куредегі жергілікті табиғат сақтау жобаларына атсалысқан этолог Изабель Сиофоло. – Мүмкіндігінше тіршілік ортасын таңдауды жирафтардың өзіне қалдырған дұрыс».

Гадабеджи био­сфералық резерваты

Жирафтың біріне жақындап келіп, Моркел өз-өзімен: «Ерке қыз», – деп күбірлеп қояды. Оның шамалауынша бұл жираф 700 келідей тартады, сөйтіп, ол 30 метрден ату үшін мылтығының қысымын 12 барға келтіріп, сақтандыр­ғыштан шығарды. Сағат түскі бір, ауа температурасы +38°С.

«Жирафқа бірден жүріп барғанды бастан кешіп көрмеппін. Әдетте, оларды пикапта отырып, алыстан атамыз», – дейді Моркел. Олар егіса алқаптары болсын, далада болсын кез келген жерде жайылып жүре береді. Түнде олар жергілікті тұрғындардың дән қоймаларының қабырғаларынан бастарын асырып, малға деп алып қойған бұршақ жапырағы, манго немесе асқабақты да жеп қоятын кездері болады. Әйтеу­­ір, түсініксіз бір себеппен олар жергілікті халық үшін негізгі ас болып табылатын тарыны ұнатпайды.

Моркел шүріппені басып жіберді. Оқ ұзын сирақтының сол жақ иығына қадалды. Бірақ дәрі ұзақ уақыттан кейін барып қана әсер етеді.

Жабайы жирафтарды ұйықтату салыстыр­малы түрде алғанда жаңа тәжірибе және тәуекелі жоғары. Апиынның дозасы өлімшіл болса, жануардың демі үзіліп кетуі мүмкін. Басымен құлап, бассүйегі шытынауы не ұзын арқасын, болмаса жіңішке аяқтарын сындырып алуы да ғажап емес. Ол жартылай қорытқан асын құсып, оны өкпесіне сорып алуы да мүмкін. Бұл пневмонияға апарады. Сондай-ақ жанып тұрған құмда жатып, денесі шамадан тыс қызып кететін жағдайлар да болып тұрады.

Жабайы табиғатты қорғау ұйымының қызметкерлері Кения­ның Амбосели аймағында өлген жирафты браконьер қақпанынан шығаруда. Бір ғана жираф 300 келіге дейін таза ет береді. Кейбірін әлдебір елдерде мәртебе символы ретінде саналатын құйрығы үшін ғана өлтіреді.

«Анатомиясы ерекше болғандықтан бұл алыптармен жұмыс істеу оңай емес», – дейді Моркел.

Осы мақұлықтың анатомиясындағы бүкіл нәрсе шырқау шегіне дейін тартылып тасталғандай көрінеді: оның атақты мойны, сонымен бірге ерекше ұзын кірпігі, аяғы (кез келген жануардан ұзын келеді), көзі (құрлықтағы сүтқоректілер ішіндегі ең үлкені), созылған бассүйегі мен аузынан жарты метрге дейін созылып шығатын қызылкүрең-қара тұтқыр тілі. Тіпті, жүрегінің өзі ұзындығы 60 сантиметрден асып, жүрек қарыншаларының қалыңдығы жеті сантиметрге дейін жетеді. Құрлықтағы сүтқоректілер ішінде жоғары қарай тік тамырмен қан айдайтын осындай жүрек басқа ешкімде жоқ.

Жануарлар арасында қан қысымы ең жоғары тіршілік иесі де жираф әрі ол әлдебір әдіспен талып қалмай бес метр биіктіктен басын жерге дейін жылдам түсіре алады. Олардың жатып-тұруы соншалықты қиын болғандықтан және жердегі қауіпке тым осал келетіндіктен жираф бірнеше минут қана ұйықтайды. Олар бір аптаға дейін сусыз жүре алады. ЖСҚ-да істейтін Феннесси Намибияның шөлдерінде жирафтарды бақылап жүріп, аяғын талтайтып тұрып су ішкенін бес жыл жүріп әрең көрген.

Шындығында, жирафтың мойны неліктен осыншалық ұзын екенін білмейміз. Эволюционер биолог Никос Соулоуниастың айтуынша, жираф Үндістан субконтинентінде бірте-бірте дамып, сегіз миллион жылдай бұрын Азиядан Африкаға қоныс аударған. Оның ең жақын туысы окапи Конго Демократиялық Республикасының экваторлық жаңбырлы ормандарында тіршілік етеді. Оған өз бауырының ұзын мойны жетіспейтіні бірден көзге ұрады.

Жираф табиғи топиарист. Олар жапырақтары төбесіне қарай өсетін құмсағат пішіндес акацияны мұнарадай мойны мен созылған тілі жеткен жеріне дейін жейді. Бірақ кей зерттеушілер жираф мойнының ұзындығы, іс жүзінде, жыныс­тық сұрыпталу функциясын атқарады деп есептейді. Ол ағаштың төбесін «ою» үшін емес, еркектерінің ұрғашылары үшін таласып, «шайқасқа» түсу үшін керек. Жуан әрі ұзын мойны мен қалың бассүйек бір-бірін аямай, бар күшімен ұрып, кім мықтыны анықтау үшін қажет. Жирафтың ұзын мойны жануарға жыртқышты байқастау үшін эволюциялануы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Жирафтың мүлгіген тыныштығы, күмәнсіз, оның ұзын мойнымен байланысты. Жирафтар ешқашан дыбыс шығармайды және бір-бірімен адам құлағына естілетін дыбыспен тілдеспейді. Бөлініп-бірігіп тұратын қоғамда тіршілік ететін сүтқоректі екенін ескерсек, олардың үнсіздігі тіптен түсініксіз. Араласқан қоғамда тіршілік ететін басқа аң-құс, айталық, пілдер мен шимпанзелер ауыздары жабылмастан араласады. Осыдан келіп, кей зерттеушілер жирафтар бір-бірімен байланыс құруда алыс қашықтықтардан төменгі жиіліктегі инфрадыбысты қолданады деген тұжырым ұсынды (пілдердің төменгі жиіліктегі дыбыспен мыңқылдағанындай), алайда осы уақытқа дейін белгілі болған бүкіл дәлел-дәйек қарама-қайшылықтарға толы.

Кениялық тұмса табиғат сарапшылары Лойсаба қорығында ұйықтатылған жирафқа жақындап келеді. Олар жирафтың оссикондарының (басындағы сүйекті томпақ) біріне GPS құрылғысын орнатады. Осылайша ғалымдар оларды бақылап отырмақ. Қаншалықты кеңістік керек екенін жақсырақ түсіну үшін Африканың басты бөліктерінде 250 жирафты қадағалау жоспары құрылған.

Екі минут тыныш тұрғаннан кейін Моркел атқан жираф өзін біртүрлі сезініп тұрғанын түсіне бастағандай. Кенет ол топтан сытылып шығып, оның ұзын сирақтары баяулатылған темпте қалқып бара жатқандай көрінді.

Көлігіміз 30 км/сағат жылдамдықпен бұталар арасымен теңселе оның артынан қуып келеді. Ақыры оның жолын кесу үшін алдынан атып шыға келдік. Көліктегі төрт адам секіріп түсіп, жануардың жолын бөгеу үшін арқан керді. Қайта шауып, ол арқанға ұрынған кезде, жергілікті бас зерттеушіміз Абдуль Разак Муса Забериу қатты соққыдан ұшып кетті. Жираф жерге құлады.

Моркел құлаған жануардың төбесіне атып шығып, басынан сәл төмен тұсынан антидот толы инені көктамырға қадады. Екі рейнджер жирафты ұстап тұру үшін оның мойнының төменгі жағына мініп алған. Жираф есін жиғанша екі минут бар, сондықтан команда оның құлағын шүберекпен бітеп, көзін байлауға асықты.

Ветеринарлар мен рейнджерлер тобы қан сынамасын алып, Е дәрумені, антибиотик пен қабынуға қарсы дәріні шаншуды ұмытпады. Олар жирафтың температурасын тексеріп, басқа да өлшемдерін алып, кейінірек ДНҚ тексерісі үшін құлағының ұшын кесіп алды.

Жұмысшылар батыс-афри­калық жирафты арбаға тиеп жатыр. Кейіннен ол Нигердің солтүстік-шығысындағы Гадабеджи био­сфералық резерватына қарай 800 шақырым сапар шегетін болады: ол саны 600 шамасындағы осы қосалқы түрдің жаңа популяциясын өсіруге үлесін қосады.

Олар жирафтың кеуде тұсынан байлаған арқанды босатуы сол еді, ол оянып, құтырған аңдай тебіне бастады. Моркел оның артынан шапалақпен періп жіберіп еді, соқыр-керең жираф көлікке байланған арқан жетегіне ілесе жөнелді. Осылай ол үлкен қораға әкелінеді.

Үш аптада қорада өмір сүруге бейімделген соң Гадабеджиге көшірілетін жирафтар тасымалдауға дайын болады. Жексенбі күні шамамен таңғы сағат 11-де алғашқы төрт жираф ақ түске боялып, төбесі кесілген алты метрлік контейнерге қамалады. Тұрған күйінде тасымалданатындықтан олардың астына ылғалды құм төселіп, аш қалмас үшін контейнер қапталдарына жапырақ бекітетін діңгекшелер орнатылған. Тасымал кезінде алыптардың стреске түспеуі өте маңызды.

Оларды электр сымдарына ілініп қалмауды қадағалайтын жол бастаушы көлікке ілескен жүк көлігі Гадабеджиге қарай сағатына 15 шақырым жылдамдықпен ілби қозғалып, 800 шақырымдай сапар кешеді.

Чад Республикасының Закума ұлттық паркінде кордофандық жирафтар мойын тіресіп тұр. Бұл айқасу алдындағы жанасу ма әлде үнсіз жануарлар арасындағы қарым-қатынас құрудың өзгеше бір түрі ма – белгісіз. Закума бұл сүтқоректілер үшін салыстырмалы түрде қауіпсіз жұмақ деуге болады. Планетадағы бүкіл популяциясының тең жартысы осында тіршілік етеді.

Африкалық ақ қараған ағаштары астына күніне екі рет қана қоректендіру және команданың үш сағат мызғып алуы үшін аялдаумен жүрген жолға шыққанымызға қырық жеті сағат өткеннен кейін ақыры Гадабеджиге келіп жеттік. Ол жерде бізді туарег көсемі қарсы алды. Керуен алдынан балалар жүгіріп шықты. Олар біздің келетінімізді естіп, ұзақ күткен екен.

«Жирафтар үшін бұл керемет жер», – дейді Моркел маған күлімдей. Контейнердің бортынан бастарын сыртқа шығарып тұрған жирафтар таза кеңістік пен жеуге болатын қараған ағаштарына көз салады.

AK-47 автоматтарын асынған туарег сақшылары күзетте, ал контейнерлердің есіктері ашық. Бұл бастауыш популяцияның бірінші тобы ғана. Келесі жылы оларға тағы басқа жануарлар қосылмақшы.

Екі минуттан кейін бірінші жираф басын алға шығарып, сақтана жүгіріп шықты. Артынан басқалары да ілесті. Төртеуі бұрылып, көкжиектегі қарағанға қарай ілби басып барады. Олар бір-біреуден сап түзеп, әрмен қарай не істерін білмегендей ауық-ауық артқа қарап қояды. Осылай жылжыған жирафтар бір кезде көзден ғайып болды.

Кениялық оқушы мектебіне
Twiga Walinzi, яғни «Жираф сақшылары» келген кезде жираф маскасын киіп шықты. Аталған топ жұмысы­ның бір бағыты келешекте осы мақұлықты қорғайтын ұрпаққа тәлім-тәрбие берумен байланысты.

Автор: Джошуа Фоер, фото: Эми Витейл

Авторизация
*
*



Регистрация
*
*
*
Генерация пароля