Мексиканың Пуэбла қаласындағы католик шіркеуінде Жалаңаяқ Кармелиттер орденінің жаңа мүшесі тақуа Рейна Мария волейбол ойнап жатыр. Ұзақты күн жұмыс істеп, мінәжат ететін діндарларға спорт қосымша күш-қуат береді.
Мәтін, фото: МАРСЕЛА ТАБОАДА
Мексика монастырларындағы рим-католик тақуаларын зерттеуге үш жылдық грант ұтып алғанымда бұл мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырыстым.
Құдайға құлшылық ету шарасының алдында монах әйелдер алтарь жамылғысының үстінде дін қызметкерінің белбеуіне литургиялық сөз жазады. Олардың түскен портреті жоқ екенін айтқан соң, басына тәж киіп, қолына аса таяқ ұстаған Эмма тақуаны суретке түсірдім.
Мен туып-өскен Мексиканың Пуэбла қаласындағы қайсыбір католик шіркеулерінің жасы 400 жылдан асып жығылады. Алайда ондағылардың көбі монастырда – сырт дүниемен байланысқа тыйым салынған оқшау күйде өмір сүрді. Бала күнімде олардың бәрі маған аңыз сынды көрінетін.
Олар өз әлеміне өзгені оңайлықпен кіргізбейді. Монастыр есігін қаққан сайын «аулақ жүр әрі» деп, есікті тарс еткізіп жауып алатын. Бірақ мен ақыры ол есікті аштым.
«Сіз не үшін ант бердіңіз?» деген сұрағыма тақуа әйелдердің біразы «жоғарыдан хабар алдық» десе, енді бірі тұрмыс құрғылары келмейтіндігін айтты. Ал бұрын рок тобында өнер көрсеткен екі әпкелі-сіңлілі тақуалыққа «рухани мән іздегесін бет бұрдық» дейді.
Мен бұл жобаны қолға алғанда монах әйелдерді қатал, бірбеткей деп қабылдайтынмын. Алайда олар мен ойлағандай емес, көңіл көтеріп, емен-жарқын жүргенді ұнатады екен. Монах әйелдер жиынында Мария дель Кармен ана мен Вирджиния тақуа тәттілер үстелінің қасында тұр.
Мен күнде олармен бірге таңғы 4.30-да тұратынмын. Олар айтатын діни ән маған ұйқыашар болды. Содан кейін күнұзақ олардың мінәжат пен хор, тазалық жұмыстары мен ас әзірлеу сияқты күнделікті шаруаларын бақылайтынмын.
Уақыт өте келе олардың да көңіл көтеретініне көз жеткіздім. Рок-н-ролл тыңдайтындары да бар. Араларынан бір футбол жанкүйерін де кездестірдім. Ол теледидар арқылы сүйікті командаларының ойынын тамашалап, ойыншылар үшін дұға жасап, жеңген кезде асыр сап қуанады екен.
Шіркеуге өз еркімен қамалған тақуалар күн ұзаққа бір тынбайды. Олардың міндетіне алтарьды гүлмен безендіру, кір жуу, оны крахмалдап үтіктеу және шара біткеннен кейін банкет үстелін жинастыру кіреді.
Менің мақсатым, тақуа ғұмыр кешетін жандардың күнделікті көзден таса өмірінен сыр шерту еді. Олардың қаншалықты сезімтал әрі нәзік екенін өзгелер көрсе екен деймін. Кім біледі, бір күндері олардың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан өмір сүру салты да көзден ғайып болар…